Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов 2024-2025 жылдары қала жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындыларын баяндады. Оның айтуынша, соңғы екі жылда қаладағы жол желісі мен қоғамдық көлік жүйесін жетілдіруде айтарлықтай нәтиже бар.
Басқарма басшысының айтуынша, цифрлық есепке алу және диагностикалау нәтижесінде Шымкент қаласындағы көшелер саны 6 882-ге жетіп, олардың жалпы ұзындығы 3 846,7 шақырымды құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда көшелер санының 64%-ға, ал жолдардың жалпы ұзындығының 18,4%-ға артқанын көрсетіп отыр.
Қалада соңғы екі жылда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту аясында 1 328,5 шақырым жол салынып, пайдалануға берілген. Соның ішінде былтыр 269,5 шақырым, ал биыл 1 059 шақырым жол пайдалануға берілген. Басшының айтуынша, бұл жұмыстар ауқымды жобаларды қамтиды. Былтыр А-2 айналма жолының 4-кезеңі, Өтегенов көшесінің 1 және 2-кезектері, сондай-ақ Оңтүстік айналма жолы пайдалануға берілген. Ал биыл А-2 айналма жолының 6 және 8-кезеңдері іске қосылып, жобаның орындалу деңгейі 90 пайызға жеткен. Сонымен қатар, Қонаев даңғылының жалғасы бойынша құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалып, биыл 2-кезең пайдалануға тапсырылған, ал толық аяқтау келер жылға жоспарланған.
«Қаладағы Момынов және Тіленшин көшелеріндегі екі ірі теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүргізілуде, ал Бәйдібек би және Төлеметов көшелерінің қиылысында жаңа жолайрықтың құрылысын бастау жоспарланған. Көлік кептелістерін азайту мақсатында Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр, Абылайхан көшелерін өзара байланыстыру, сондай-ақ теміржол өткелдерін салу жұмыстары да атқарылған. Сонымен қатар, Жандосов көшесінің жалғасы, Асар-Шымсити шағын аудандарын байланыстыратын жолдар мен Қызылсай шағын ауданына кіреберіс жолдар асфальтталып, пайдалануға берілді» дейді Ролан Бекмағамбетұлы.
Орташа жөндеу аясында былтыр 247 көшеде, биыл 323 көшеде жұмыстар толық аяқталған. Шалғай және ішкі орам көшелерінің жол сапасын жақсарту мақсатында 820 шақырым көшеге асфальт төселіп, барлық аудандарда жолдар жаңартылған. Басқарма басшысының сөзінше, бұл жұмыстар қала тұрғындарының қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, жол сапасын жақсартуға және көлік қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілген. Екі жылда 6 714 көшенің 4 686-сы жарықтандырылып, қала көшелері толық жарықпен қамтылған. Ал 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш небәрі 30 пайызды құраған. Сонымен қатар, былтыр 50, биыл 201 жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылса, 1 000 шақырым жол таңбалары сызылған, сондай-ақ 3 шақырым дыбысты жолақтар орнатылған. Бағдаршамдар интеллектуалды көлік жүйесіне қосылып, қаладағы 393 бағдаршамның 344-і ITS жүйесі арқылы басқарылуға өткен.
Автоматтандырылған өлшеу стансалары қаладағы транзиттік жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға енгізіп, жолдардың мерзімінен бұрын тозуына жол бермеуге мүмкіндік беріп отыр. Ролан Ибрагимов қазір қалаға кіретін үш бағытта стансалар іске қосылып, 449 құқықбұзушылық анықталғанын айтады. Алдағы жылдары тағы алты бағытта осындай стансалар орнатылмақ.
Қаладағы қоғамдық көлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде 83 тұрақты маршрутта 988 автобус қызмет көрсетіп, 79 әлеуметтік маңызы бар бағытқа тәулік бойы жолаушылар тасымалданып жатыр. Былтыр тасымалданған жолаушылар саны 79,9 млн адамды құраса, биыл бұл көрсеткіш 86 млн адамға жеткен. Автобус паркін жаңарту жұмыстары да белсенді жүргізіліп, осы жылы 88 жаңа автобус сатып алынған. Бұдан бөлек, газ-метан отынымен қамтамасыз ету үшін үшінші газ құю стансасы пайдалануға берілген.
Шымкент халықаралық әуежайы да заманауи мультимодальды хабқа айналып келеді екен. Жаңа терминал сағатына 2 000 жолаушыны қабылдап, жылдық өткізу қабілеті 10-12 миллион адамға жетіп отыр. Жолаушылар саны былтыр 1,1 млн болса, биыл 1,9 млн адамға жетіп, 75 пайыздық өсім тіркелген. Жүк тасымалы да 15 пайызға артқан. Сонымен қатар, жаңа ұшу-қону жолағының құрылыс жұмыстары басталып, халықаралық стандарттарға сәйкес салынып жатыр.
Бұдан басқа, соңғы екі жылда атқарылған жол-көлік инфрақұрылымын дамыту аясында ауқымды жұмыстар қаладағы көлік қолжетімділігі мен қауіпсіздігі едәуір өсірген. Алдағы жылдары да осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, қала тұрғындарына сапалы, заманауи және қауіпсіз жол инфрақұрылымы ұсынылмақ.