Орталық Азия Инновациялық университетінде белгілі боксшы Сәкен Бибосыновпен студенттердің арнайы кездесу іс-шарасы ұйымдастырылды. Екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері жастармен емен-жарқын сұхбаттасып, көкейдегі сауалдарына жауап берді.
Таяуда ғана Дубайда өткен әлем чемпионатынан С.Бибосынов жеңімпаз боп оралған болатын. Іс-шарада ол биыл табысты жыл болғанын атап өтіп, жалпы алдағы мақсаттарына тоқталды. Осындай жетістіктерге қалай жеткені, қиындықтары, сын сәттерден қалай өткені жөнінде кеңірек әңгімелеп берді.
- Кезекті жауапты бәсекеден екі дүркін әлем чемпионы болып оралдым. Мен осы оқу орнының түлегі болғанымды мақтаныш етемін. Түрлі сынақтарға сабыр ете білу керек. Алға мақсат қойып, соған ұмтылыңыздар. Спортта да, өмірде де темірдей тәртіп болу қажет. Өзім осы қағиданы берік ұстанамын, - деді белгілі азамат.
Кездесуде студент жастар маңызды жекпе-жектер алдындағы толқынысты жеңу, сенімділік қалыптастыру, алдағы жоспарлары жөнінде сауалдарын қойды.
Жиын соңында университет ректоры Акмалдин Ажидинов спортшыға қаржылай сертификат табыстап, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, жеңімпаз спортшыны атқа мінгізіп, көпшілік батасын берді.
«Шымкент келбеті»