Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов биыл атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен негізгі көрсеткіштерін кеңінен таныстырды.
Қалада қазір 1 481 білім беру ұйымы және 482 мыңнан астам білім алушы бар. Бұл былтырмен салыстырғанда 205 мекемеге және шамамен 8 мың балаға артқанын көрсетеді. Сондай-ақ шаһарда мектепке дейінгі ұйымдардан бастап колледждерге, қосымша білім беру мен арнайы мекемелерге дейінгі барлық деңгейдегі білім беру желісі кеңейіп, қамту ауқымы ұлғайған. Әсіресе жекеменшік сектордың үлесі артып, білім беру саласында бәсекелестік пен сапаны арттыруға серпін беріліп отыр.
Биыл білім саласына бөлінген жалпы қаржы көлемі 308 млрд теңгеден асқан. Қаражаттың басым бөлігі педагогтердің жалақысына, жалпы орта және мектепке дейінгі білім беру тапсырысына, техникалық және кәсіптік білімге, әлеуметтік қолдау шараларына бағытталған. Бұл қаржыландыру білім беру инфрақұрылымын нығайтуға, оқушылардың сапалы білім алуына және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беріпті.
Мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік қаржыландыру жүйесі толық енгізіліп, бүгінде 646 балабақшада 76 мыңнан астам бала қамтылып отыр. «Ақша баланың соңынан жүреді» қағидаты негізінде жұмыс істейтін бұл жүйе қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, цифрландыру арқылы әділдік пен тиімділікті арттырған. Нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 96 пайыздан асып, ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар толықтай мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды.
Орта білім беру ұйымдарында 277 мыңнан астам оқушы білім алып отыр. Мектептердің басым бөлігі бес күндік оқу жүйесіне көшіп, үш ауысымдық мектептердің саны азайып келеді екен. Білім сапасын арттыру бағытында бірқатар жүйелі шара қабылданып, әлеуметтік қолдау тетіктері күшейтілді. Биыл 63 мыңнан астам оқушы мектеп формасымен қамтамасыз етіліп, тегін ыстық тамақтандыру «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесі арқылы бақылауға алынды. Бұл жүйе бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және ашықтықтың артуына ықпал етіп, жүздеген миллион теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.
Осылай деген басқарма басшысы инклюзивті білім беруге басты назар аударылғанын жеткізді. Оның айтуынша, қалада ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған 25 арнайы ұйым жұмыс істейді, ал жалпы білім беретін мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, инфрақұрылым толық бейімделген. Сонымен қатар, арнайы педагогтердің біліктілігін арттыру арқылы кадрлық әлеует күшейтіліп жатыр.
Мектеп құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту бағытында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ошақтары пайдалануға беріліп, бірқатар мектепте қосымша ғимараттар салынып жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстары мен пәндік кабинеттерді жаңғырту арқылы оқушыларға қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік берген.
Қосымша білім беру саласында да маңызды өзгерістер болған. Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілуі балалардың үйірмелер мен секцияларды еркін таңдауына мүмкіндік беріп, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етіп келеді. Осылай деген басқарма басшысы «Бүгінде 109 мыңнан астам бала қосымша біліммен қамтылған. Сонымен қатар, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында мыңдаған тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылып, жазғы демалыс кезеңінде жүздеген мың баланың бос уақыты тиімді өткізілді» дейді.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 38 колледжде 49 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Дуальды оқыту жүйесі, мемлекеттік тапсырыс пен жұмысшы мамандықтарды қолдау шаралары нәтижесінде түлектердің басым бөлігі жұмыспен қамтылып келеді екен. Бұл орайда басқарма басшысы халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда студенттер мен оқушылардың жетістіктері Шымкент білімінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдей жатқанын жеткізді.