Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті отыз екінші сессиясы өтті. 2025 жылды қорытындылаған сессияның күн тәртібінде Шымкент қаласы әкімінің оған жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі қаралды. Сондай-ақ, сессияға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, инвестиция тарту, инфрақұрылыммен қамту, абаттандыру, әлеуметтік саланың даму барысын баяндады.
– Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында өздеріңізбен бірлесе тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы айтқанда, жылды оң нәтижелермен қорытындылап отырмыз. Басты мақсат – халықтың жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру. Қалада барлық сала бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Ауыз су, табиғи газ, электрмен қамту, жол инфрақұрылымын дамыту, көшелерді жарықтандыруда көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. Барлық салаларда оң көрсеткіштер бар. Одан әрі де бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Келесі жылы да жоғары жетістіктерге жете берейік. Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын, – деді қала әкімі.
Сессия барысында депутаттар тарапынан қала әкімінің есебі оң бағаланып, бірауыздан бекітілді. Күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты. Қала әкімі кезекті сессияда маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтіп, депутаттарға алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, Сенат депутаты Н.Бекназаров қалада шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тартуда қарқынды жұмыстар бар екенін атап өтті. Қалада атқарылып жатқан жұмыстармен танысу, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға кезекті іссапармен келгенін жеткізді.
«Шымкент келбеті»