Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылау және түсіндіруге арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шараға университет профессорлары мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері қатысып, елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған негізгі заң жобасы төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында қазіргі қолданыстағы Конституцияның тарихи рөліне ерекше тоқталды. Қатысушылардың айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қабылданған Ата заң елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауға, қиын сын сағаттарында қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлкен үлес қосты. Ол – мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде маңызды миссия атқарған құжат.
-Дегенмен, уақыт пен заман өзгерісіне сай құқықтық жүйенің де жаңғыруы – заңды құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда, қолданыстағы Конституция өз миссиясын толық орындады деуге болады. Әрине, кемшіліксіз заң болмайды, ал бүгінгі күннің талаптары жаңа көзқарас пен жаңартылған құқықтық негізді қажет етеді. Сондықтан жаңа Конституция жобасы – ескі дәуірдің мұрасынан заманауи, әділетке негізделген құқықтық мемлекетке өту жолындағы маңызды қадам. Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы, егемендік, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықтың мызғымастығы айқын көрініс тапқан. Негізгі заң «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарына сүйене отырып, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын алдыңғы орынға қояды. Конституцияның екінші бөлімі азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттерін теңгерімді түрде бекітуді көздейді. Сонымен қатар Құрылтай (Парламент) толық жаңартылып, кәсіби әрі ықпалды өкілді орган ретінде айқындалған. Заң жобаларын үш оқылымда қарау тәртібінің енгізілуі Парламент жұмысының ашықтығы мен жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар Конституциялық соттың, адвокатура институтының және Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық деңгейде бекітілуі азаматтардың құқықтарын қорғауға жаңа серпін беріп, халық пен билік арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз етеді, - дейді Сәрсен Абайұлы.
Сондай-ақ, Сәрсен Абайұлы Конституцияның мемлекеттік тіл мен жер мәселесіне қатысты баптары жөнінде қоғамда әдейі бұрмаланған пікірлер таралып жүргеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл нормалар ұлттық мүддені әлсіретуге емес, керісінше, елдің тұтастығы мен егемендігін нығайтуға бағытталған. Ал аталған баптарды теріс мағынада түсіндіріп, қасақана бұрмалап насихаттау – қоғамда алауыздық туғызуды көздейтін, ел ішіне іріткі салушылардың әрекеті. Мұндай арандатушылыққа ермеу, әр азаматтың Конституция мәтінін тікелей оқып, оның шынайы мазмұнын түсінуі аса маңызды. Себебі жаңа Конституцияда тіл мен жер мәселелері мемлекеттің стратегиялық құндылықтары ретінде айқын әрі нақты қорғалған.
Кездесу барысында университет профессорлары мен ұстаздары да жаңа Конституция жобасында көтерілген бастамаларды қолдайтындықтарын білдірді. Олар бұл құжат ел дамуына берік құқықтық негіз қалап, әділ қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Маңызды жаңашылдықтың бірі Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізілетін болады. Бұл – шешуші сөздің халықтың өзіне тиесілі екенін білдіреді. Бұл – еліміздің болашағы үшін жасалып отырған тарихи әрі тағдырлы шешім.