Шымкент мәдениетінің өрісі кеңейді

Шымкент мәдениетінің өрісі кеңейді

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының биыл атқарған жұмыстары мен қол жеткізген жетістіктеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Жиында басқарма басшысы Бауыржан Орынтаев қаладағы мәдениет пен руханият саласының даму қарқыны, халықаралық деңгейдегі табыстары және алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады.

Басқармаға қарасты мәдениет ұйымдары жыл бойы қала тұрғындары мен қонақтарына үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Театрлар, кітапханалар, музейлер, цирк, зоологиялық саябақ, архивтер мен тілдерді оқыту орталықтары мәдени өмірдің негізгі тірегіне айналған. Салада еңбек етіп жүрген мыңдаған маманның жүйелі жұмысының нәтижесінде бөлінген қаржы толық әрі тиімді игеріліп, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы бірқатар жоба жүзеге асқан. Қаладағы бірнеше мәдени нысанға күрделі жөндеу жүргізуге дайындық жасалып, саланы кезең-кезеңімен дамыту жолға қойылыпты.

Есепті кезеңде Шымкентте мәдени-көпшілік іс шаралар ерекше қарқынмен өткен. Қала аумағында ұйымдастырылған мыңдаған концерт, фестиваль, форум мен ресми іс шара жүздеген мың көрерменді қамтыды. Ұлттық және мемлекеттік мерекелер мазмұнды бағдарламалармен аталып өтіп, бұрын ұмыт қалған дәстүрлі іс-шаралар қайта жаңғырды. Қалалық саябақтар мен ашық алаңдарда өткен мәдени кештер тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, тұрақты форматқа көшкен жобалар қаланың мәдени брендіне айналған.

Шымкенттің мәдени әлеуетін танытқан халықаралық және республикалық деңгейдегі фестивальдер де айрықша атап өтуге тұрарлық. Қолөнер, бейнелеу өнері, дизайн, дәстүрлі өнер мен кино салаларын қамтыған ірі жобалар шаһардың шығармашылық орталық ретіндегі беделін арттырыпты. Ал қала күні аясында алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды фестиваль мыңдаған көрерменнің басын қосып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Театр өнері саласында да айтарлықтай табыстар бар. Қаладағы театрлар жаңа қойылымдарымен көрермен ықыласына бөленіп, шетел сахналарында ел намысын қорғады. Шымкент театрлары халықаралық фестивальдерге қатысып, жоғары марапаттарға ие болды. Жастар театрының шетелде бас жүлде алуы мен опера және балет театры солистерінің әлемдік байқаулардағы жеңістері шығармашылық ұжымдардың кәсіби деңгейін айқын көрсетіп берді.

Кітапхана саласында оқырман саны артып, мәдени ағартушылық іс шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қордағы кітаптар саны жыл сайын толығып, заманауи талаптарға сай қызмет көрсету жолға қойылған. Музейлерде де келушілер саны өсіп, тарихи жәдігерлерді цифрландыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл мәдени мұраны сақтаумен қатар, оны келешек ұрпаққа қолжетімді етудің маңызды қадамы болып отыр.

Цирк пен зоологиялық саябақ та қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі саналады. Цирк әртістері халықаралық бағдарламаларға қатысып, тәжірибе алмасып келеді екен. Ал зообаққа келушілер саны жоспардан асып, мекеменің тартымдылығы арта түскенін көрсетті.

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында нақты нәтижелер бар. Қазақ тілін меңгерген тұрғындардың үлесі жоғары деңгейге жетіп, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған байқаулар мен форумдар ұйымдастырылған. Көрнекі ақпараттардың заң талаптарына сәйкестігі қадағаланып, ономастика саласында да жүйелі жұмыстар атқарылыпты. Қала көшелері мен елді мекендерге тарихи тұлғалардың есімдері беріліп, ұлттық құндылықтар дәріптелген.

Архив саласында құжаттарды цифрландыру, қорды толықтыру және тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету ісі белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл өткен мен бүгінді жалғайтын маңызды салаға тың серпін берді.

Жиын соңында басқарма басшысы жыл соңына дейін жоспарланған барлық іс шара толық жүзеге асатынын атап өтті. Жалпы алғанда, Шымкент қаласында мәдениет, тіл және архив салалары тұрақты дамып, қаланың рухани келбетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді екен.