ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Бүгінде Шымкент қаласында тұрғындарға 16 626 медицина маманы халық денсаулығы жолында қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 5 289-ы – дәрігер, ал 11 337-сі – орта буынды медициналық қызметкер. Бұл мегаполистің медициналық әлеуеті жылдан-жылға нығайып келе жатқанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Анықтама ретінде айта кетсек, қала халқының саны жыл басынан бері 1,9 пайызға артқан. Нақтырақ айтқанда, 2025 жылғы 1 қаңтарда Шымкент тұрғындарының саны 1 254 642 болса, 1 желтоқсанда бұл көрсеткіш 1 278 514 адамға жеткен. Халық санының өсуі медициналық қызметке деген сұраныстың да артуына ықпал ететіні сөзсіз.

– Дәрігерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші бойынша Шымкент республикалық деңгейден жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Қазақстан бойынша 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлер саны 40,6 болса, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 41,6-ға тең. Ал орта буынды медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші елімізде 10 мың адамға 95,2 болса, қалада 89,1 деңгейінде қалып отыр, – дейді Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалыбеков.

Бұл мәліметтер Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында айтылып, қаланың денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты таныстырылды. Қалада медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 59 ұйым жұмыс істейді. Оның 14-і – мемлекеттік, 45-і – жекеменшік медициналық мекеме. Тіркелген тұрғындар санына келсек, мемлекеттік ұйымдарға 598 639 адам, ал жекеменшік ұйымдарға 679 875 адам бекітілген. Бұл тұрғындардың медициналық ұйымды таңдау мүмкіндігі кеңейгенін аңғартады. Сонымен қатар, қала аумағында тәуліктік стационарлық көмек көрсететін 47 медициналық мекеме бар. Оның ішінде 15-і – мемлекеттік, 32-сі – жекеменшік. Бүгінде тәуліктік стационарлардың жалпы төсек-қоры 4 870 орынды құрайды. Оның 3 781-і – мемлекеттік, 1 089-ы – жекеменшік медициналық ұйымдарға тиесілі. Ал күндізгі стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар саны 137-ге жеткен. Жалпы төсек-қор саны 2 505 орын, оның ішінде 769-ы – мемлекеттік, 1 736-сы – жекеменшік сектор үлесінде. Жалпы алғанда, Шымкент қаласында медициналық инфрақұрылым жүйелі түрде дамып, халыққа көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді. Бұл – тұрғындар денсаулығын қорғауға бағытталған нақты қадамдардың жемісі. Биылғы жылдың 11 айында Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында ауқымды әрі нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Қалалық медицинаның әлеуетін арттыру, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және жоғары технологиялы көмектің қолжетімділігін кеңейту бағытында бірқатар маңызды іс-шара жүзеге асырылды.

Басқарма басшысының мәліметінше, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 54 дәрігер алыс және жақын шет елдердің озық клиникаларында біліктілігін арттырған. Сонымен қатар, менторлық тәсілмен 8 бағыт бойынша мастер-класстар ұйымдастырылып, 250 медицина қызметкері біліктілігін арттырды. Бұл оқыту бағдарламалары ревматология, эндокринология, балалар неврологиясы мен реабилитологиясы, балалардағы эпилепсия және эпилепсиялық статус, мейірбике ісі, аллергология, психикалық ауытқуларды емдеу секілді өзекті салаларды қамтыды. Салыстырмалы түрде айта кетсек, 2023 жылы 183 149 мың теңгеге 48 маман (Израильде – 16, Түркияда – 32) шетелде білімін жетілдірсе, 2024 жылы бұл мақсатқа 201 990 мың теңге бөлініп, 165 маман біліктілігін арттырды. Оның ішінде 45 дәрігер Ресей Федерациясында оқыса, 120 маман менторлық мастер-кластар арқылы тәжірибе жинақтады. Ал 2025 жылға кадр даярлау ісіне 381 894 мың теңге қаражат қарастырылған.

-Ақпан айында Қалалық клиникалық балалар ауруханасында «Балалар кардиохирургиясы» бөлімшесі ашылды. Бүгінге дейін мұнда 16 ашық жүрекке операция және 17 интервенциялық кардиологиялық ота сәтті жасалды. Ал наурыз айында Қалалық перзентханада «Бір күндік клиника» және «Неонаталды хирургия» бөлімшелері пайдалануға берілді. Бір күндік клиникада 1 240 жүкті әйел толық тексеруден өтсе, неонаталды хирургия бөлімшесінде жаңа туған нәрестелерге 11 ота жасалды. Қыркүйек айында қала онкологиялық орталығында республика көлемінде алғаш рет «Кеңірдек бифуркациясын резекциялау және жаңа бифуркация қалыптастыру» отасы сәтті орындалды. Бұл – отандық медицинаның жаңа белеске көтерілгенін айғақтайтын айтулы жетістік. 2025 жылы Шымкент қаласында 1 жүрек, 17 бүйрек трансплантациясы жасалып, жалпы 1 140 жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету отасы орындалды. Оның ішінде 350-ден астамы – кардиохирургиялық, 100-ден астамы – нейрохирургиялық оталар. Бұл көрсеткіштер қаланың жоғары технологиялы медициналық орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді, - дейді Қайрат Жақыпұлы.

Тағы бір маңызды оқиға – 30 мамыр күні Шымкент қаласында Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі Алқа отырысы өтіп, оның барысында «Шымкент қаласының денсаулық сақтауды дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Сонымен қатар, 13 ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын сапалық жаңа деңгейге көтеру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Медициналық қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу арқылы халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігі кеңейіп келеді.

Бүгінде ұлттық аккредиттеуден өтуі тиіс 89 медициналық ұйымның 58-і талапқа сай деп танылып, 65 пайыздық көрсеткішке қол жеткізілді. Бұл – ұлттық деңгейде белгіленген стратегиялық межеден жоғары нәтиже. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай Қазақстан бойынша бекітілген көрсеткіш – 43, ал Шымкент қаласы үшін 52 болса, бүгінгі жетістік бұл межеден әлдеқайда алда келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылғы 12 қыркүйекте «Шымкент жүрек орталығы» базасында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының перспективалы кардиологиялық зерттеу орталығы ашылды. Бұл орталық отандық кардиология ғылымын дамытуға тың серпін беріп, күрделі жүрек ауруларын емдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Қалада 200 орындық жаңа, заманауи перзентхана салу үшін 4,7 гектар жер телімі бөлініп, нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. 48,8 млрд теңге көлеміндегі бұл ауқымды жобаның құрылысы 2026 жылы басталмақ. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен екі аурухана 6,66 млрд теңге қаржыға күрделі жөндеуден өтті. Жедел жәрдем қызметінің сапасын арттыру мақсатында 40 арнайы автокөлік сатып алынып, автопарк айтарлықтай жаңартылды. Нәтижесінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейі 79 пайыздан 90 пайызға дейін өсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект пен заманауи технологияларды кеңінен енгізу, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бақылаудың жаңа жүйесін қалыптастыру міндеті қойылған болатын.

Осы тапсырма аясында қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын және жүрек-қантамыр жүйесі патологияларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін «PACS Systems» жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, «Cerebra» және «Puls AI» пилоттық жобалары сынақтан өткізілуде.

ҚАУІПСІЗДІК ПЕН САПА – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ

Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көрсетілетін көмектің сапасын арттыру мақсатында жедел жәрдем бригадалары видеожетондармен жабдықталды. Ал стационарлардың қабылдау бөлімшелері Жедел басқару орталығына қосылып, қызмет сапасын жедел бақылау мүмкіндігі күшейтілді.

Бүгінде Шымкент қаласында бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС 89 медициналық ұйымды (34 мемлекеттік, 55 жекеменшік) дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр.

Амбулаториялық деңгейде 476 атау бойынша 15,9 млрд теңгеге 59 медициналық ұйымға дәрілік заттар жеткізілсе, стационарлық деңгейде 1 010 атау бойынша 18,5 млрд теңгеге 78 медициналық ұйым қамтылды. Қазірге дейін 4,6 млн таңбаланған дәрілік зат қабылданып, оның 3,5 миллионы немесе 76,7 пайызы толық қолданылып, айналымнан шығарылды.

«Қазақстан халқына» қоры есебінен 1,5 млрд теңгеге 11 орфандық ауруы бар науқас, ал жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңгеге 167 орфандық ауруы бар азамат қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 994 066 рецепт орындалып, оның 826 646-сы немесе 92,5 пайызы «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында қамтамасыз етілді. Бұл жоспарланған 90 пайыздық көрсеткіштен жоғары нәтиже.

Қаладағы 8 ауруханада «Госпитальды фармация» бөлімшелері ашылып, олардың жұмысы нәтижесінде жыл соңына дейін 335 млн теңге үнемделеді екен. Аталған бөлімшелер №1 қалалық клиникалық аурухана, №2 және №3 қалалық ауруханалар, қалалық перинаталдық орталық, қалалық перзентхана, қалалық клиникалық балалар ауруханасы, онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухана және «Шымкент жүрек орталығы» базасында жұмыс істейді.

САЛАНЫ КЕШЕНДІ ДАМЫТУ

Қалада денсаулық сақтау саласын кешенді дамыту, алдын алу шараларын күшейту және жоғары технологиялы медициналық көмекті кеңейту бағытында 2026 жылға бірқатар маңызды жобалар жоспарланып отыр. Бұл бастамалар халық денсаулығын нығайтып, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды көздейді. 2026 жылдың І тоқсанында Шымкент қаласының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» Еуропалық желісіне қосылуы жоспарлануда. Бұл бастама аясында «Салауатты университет», «Салауатты ауруханалар», «Салауатты жұмыс орындары», Жастар денсаулық орталықтары сынды бірқатар профильдер енгізіледі.

Айта кету керек, қала әкімінің бастамасымен аталған желіге мүшелікке өту бойынша өтінім ағымдағы жылдың қаңтар айында жолданып, 25 наурызда ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросынан оң қорытынды алынды. Қаланың денсаулық профилі жасақталып, қысқаша талдау жүргізілді. Сондай-ақ, бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын жүргізу үшін қала әкімінің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылды.

Бас дәрігердің айтуынша қалада амбулаториялық онкологиялық көмек орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба қатерлі ісіктерді ерте анықтап, емдеуді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, №1 және №2 қалалық клиникалық ауруханалар базасында ЧКВ орталықтарын ашу көзделуде. Қазіргі таңда қалада екі ЧКВ орталығы — «Шымкент жүрек орталығы» мен «Хадиша» клиникасында жұмыс істеп тұр. Жаңа орталықтардың ашылуы кардиологиялық көмектің қолжетімділігін едәуір арттырмақ.

Алдағы жылы Шымкентте сүйек кемігін трансплантациялау арқылы емдеу әдісін енгізу жоспарланып отыр. Бұл — күрделі әрі өмірлік маңызы бар емдеу түрін өңірде қолжетімді ететін маңызды қадам. Сондай-ақ, №2 қалалық аурухана негізінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде «Нефрологиялық орталықтың» құрылысы басталып, 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Қала мектептерін стоматологиялық кабинеттермен жабдықтау жұмыстары да жалғасуда. Жылдың соңына дейін 16 стоматологиялық кабинет ашу жоспарланса, 2026 жылы бұл жұмыстар жергілікті қаржыландыруға қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында №4, 9, 10 және 11 емханаларды сенімгерлік басқаруға беру жобасын іске асыру жоспарланған.

Сонымен қатар, кең бейінді мейіргерлерді даярлау, жас мамандарды медицина саласына тарту, сондай-ақ патронаж қызметкерлерінің (УПМП) құзыреттілігін арттыру басты басымдықтардың бірі болып қала береді.

2026 жылы дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін қала деңгейінде, менторлық жолмен мастер-класстар арқылы, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттердің ғылыми-зерттеу орталықтарында арттыру жоспарланған.

Алдағы жылы №3 қалалық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ Қалалық диагностика орталығының А1 корпусын реконструкциялау көзделіп отыр. Бұл жобалар медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтерері анық.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА “Шымкент келбеті”