ШЫМКЕНТ: БАС ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

ШЫМКЕНТ: БАС ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

Бүгін Астана алаңында қаланың Жаңа жылдық бас шыршасының шамдарын жағу іс-шарасы өтті. Мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтары жиналған мерекелік іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Жыл сайын қуаныш пен жылулық сыйлайтын бұл дәстүр биыл да өз жалғасын тапты. Мерекелік кеш барысында жергілікті және елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Серік Ибрагимов, Бағлан Жолдасов, Бота Әлімхан, Махмуд Урумбаев, Астана Қарғабай, Серік Гамза-заде сынды отандық және жергілікті эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Бұл кеште үйлестірілген тақырыптық безендіру мен мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы алаңды ертегі атмосферасына бөледі. Кішкентай қонақтарға аттракциондар дайындалып, аумақта 80-нен астам шырша безендірілді, осылайша қысқы мерекенің әсері айқын сезілді.

Шырша шамын жағу іс-шарасы қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Айта кетейік, жаңа жылдық шыршалар бір мезгілде қаланың бес ауданында жағылды: Еңбекші ауданында – Алатау саябағында, Әл-Фараби ауданында – Арбатта, Тұран ауданында – Достық үйі аумағында, Абай ауданында – Наурыз алаңында және Қаратау ауданында Астана алаңында өтті.

«Шымкент келбеті»