ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ КЕЗЕКТІ РЕТ АРАЛАДЫ

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ КЕЗЕКТІ РЕТ АРАЛАДЫ

Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесі мүшелері мен мәслихат депутаттары бірлесе қала аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды кезекті рет аралады. Қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов бастаған депутаттар мен кеңес мүшелері медициналық ұйым, бірқатар кәсіпорындар, сауда кешеніндегі жұмыстарды аралап көрді.

Жиналған көпшілік алдымен № 1 қалалық клиникалық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарынан кейінгі жағдайымен танысты. Онда мекеменің бас дәрігері Бақытжан Позилов медициналық ұйымның бүгінгі жетістіктері, жаңашылдықтары жөнінде кеңірек баяндап берді. Оның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде клиникалық ауруханада кезекті 245-шы бүйрек трансплантациясы сәтті өткізілген. Бұл операция шымкенттік дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен заманауи медициналық мүмкіндіктерінің деңгейін, трансплантология саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін айқын көрсетеді. Сонымен қатар, мәслихат депутаттарының қолдауымен 30 млн теңгеден астам қаржыға бүйректегі тасты езгілейтін аппарат сатып алынды.

Қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары одан әрі сауда-логистикалық орталығындағы әлеуетті «Coca-Cola Kazakhstan» кәсіпорны және «НМИ-Юг» ЖШС-нің көпфункционалды қойма кешенінің жұмыс барысын аралап көрді. Бүгінде ауданы 48 мың шаршы метр «DALA MALL» сауда кешенінің құрылысы аяқталуға таяды. 5,7 га аумақта орналасқан нысанда 100-ден аса сауда орны бар. Сауда кешенінің басшылары жаңа жылға дейін техникалық ашылуы жоспарда екенін айтты. Кезекті іс-шара барысында мәслихат депутаттары мен кеңес мүшелері сауда кешенінің әлеуеті және ондағы дайындық жұмыстарымен танысты.

Сондай-ақ, кезекті іс-шарада көпшілік Қ.Қазиев пен Шұбаркөл көшелерінің қиылысындағы жол-құрылыс жұмыстарына куә болды. Жол-құрылысы жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі уақытта Қазиев көшесінде жұмыстар 90 пайызға орындалды. Құрылысты келесі жылы аяқтау назарда тұр.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев басқа да көшелерде және темір жол өткелдерінің бойындағы құрылыс барысынан хабардар етті.

«Шымкент келбеті»