ЖАСТАР АРАСЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

ЖАСТАР АРАСЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң мен тәртіп» тақырыбында танымдық кездесу өтті.

Іс-шараға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Жансерік Жұман, білікті заңгер, кәсіби медиатор Айжан Кесебаева, сондай-ақ, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Тұрғынбай қатысты.

Кездесу барысында жастарға заң аясында өмір сүрудің маңыздылығы, құқықтық сауаттылықтың қоғамдағы рөлі мен құқықтық жауапкершілік жайында кең көлемде ақпарат берілді. Спикерлер жастарды кез келген әрекетінде заң нормаларын сақтауға, өз құқықтары мен міндеттерін білуге шақырды. Айжан Кесебаева өз сөзінде соңғы жылдары жастар арасында құқық бұзушылық, буллинг және сталкинг сияқты әрекеттердің белең алып бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде сталкинг – қылмыстық жауапкершілікке тартылатын іс-әрекет болып табылады.

– Психологиялық қысым көрсету, біреуді қудалау, әлеуметтік желіде жағымсыз пікір жазу немесе ар-намысқа тиетін сөз айту – барлығы заң бойынша жауапкершілікке әкеледі. Ең бастысы – заңды білмеу заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан әрбір жас өз құқығын ғана емес, өз міндетін де жете түсінуі керек, – деді заңгер Айжан Кесебаева.

Ал Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Дәурен Тұрғынбай жастарға интернет кеңістігінде сақ болу қажеттігін ескертті.

– Соңғы жылдары интернет алаяқтық пен қаржы пирамидалары көбейіп барады. Жастардың басым бөлігі жеңіл табысқа сеніп, түрлі инвестициялық жобалар мен “жылдам байытатын” платформаларға алданып қалуда. Мұндай әрекеттердің бәрі заң бұзушылыққа және қаржылық шығынға әкеледі. Сондықтан күмәнді сілтемелерге сенбеңіздер, ақша аудармас бұрын ақпараттың ресми дереккөзін тексеріңіздер. Әлеуметтік желіде де тәртіп пен мәдениетті сақтау қажет, – деді ол.

Сонымен қатар, іс-шарада қатысушыларға Egov қосымшасында «Заң мен Тәртіп» жаңа цифрлық сервисі іске қосылғаны айтылды. Бұл бөлім арқылы азаматтар өз құқықтары мен міндеттері жөнінде ақпарат алып, құқықтық көмекке жүгіну жолдарын біле алады.

Кездесу еркін форматта өтті. Жастар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша сауалдарын қойып, мамандардан нақты мысалдармен толыққан жауаптар алды.

«Шымкент келбеті»