​Жас ақындар айтыс өнерін асқақтатты

​Жас ақындар айтыс өнерін асқақтатты

Шымкент қаласында ұлттық мұраның мәйегін жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында ұйымдастырылған оқушылар арасындағы «Мен елімді жырлаймын» республикалық айтысы өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен бұл жыр додасына елдің 14 өңірінен келген 16 дарынды жас ақын жиналды.

Айтысқа дайындық жұмыстары 5 желтоқсанда «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінен басталды. Бұл күні жас ақындар еліміздің белгілі айтыскерлерімен жүздесіп, шеберлік сағатына қатысты. Шығармашылық тәжірибемен бөлісіп, ақындық өнердің қыр-сыры туралы бағыт-бағдар берген ұстаздар қатарында Анар Жаппарқұлова, Өміржан Көпбосынов, Біржан Байтуов және Нұрлан Есенқұлов болды. Соңғы жылдары арнайы айтыс сыныптарын ашып, жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Қаратау дәстүрлі өнер мектебі бүгінде республикамыздағы айтыс орталықтарының біріне айналып үлгерді. Оның нақты дәлелі, жуырда ғана осы мектептің шәкірттерінің «Қола домбыра» айтысында жеңіске жетуі болды.

Айтыстың әділ бағасын беру үшін құрамы беделді мамандардан тұрған қазылар алқасы шақырылды. Жыр сайысына филология ғылымдарының кандидаты, Құрмет орденінің иегері, республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазы төрағалық етсе, алқа құрамында Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Өміржан Көпбосынов және Анар Жаппарқұлова болды. Қазылардың бұл құрамы жас ақындардың өнерін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.

Айтыстың ашылуында сөз алған Серікзат Дүйсенғазы ұлттық өнердің тәрбиелік мәнін атап өтіп, Шымкент төрінде өтіп отырған бұл додаға ерекше бағасын берді. Оның айтуынша, Мұхтар Әуезовтің айтысты дала театры деп атауы бекер емес, себебі айтыс – қазақтың сөз өнерін ғана емес, сахна мәдениетін, актерлік шеберлікті, эмоциялық жеткізу өнерін тұтастай қамтитын күрделі жанр. Осы тұрғыдан алғанда, балапан ақындардың дәл кәсіби театр сахнасында өнер көрсетуі ұлттық өнерді құрметтеудің және жас ұрпаққа дұрыс бағыт сілтеудің белгісі болмақ.

Спикер өз сөзінде қазір айтысты жүйелі түрде дамыту мақсатында үш министрлікпен бірлесе үлкен жобалар жүзеге асып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, кәсіби деңгейдегі ақындар үшін Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге «Алтын домбыра» айтысы өтсе, жастар мен студенттер үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі «Күміс домбыра» айтысын ұйымдастыруға атсалысады. Ал балаларға арналған «Қола домбыра» айтысы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп өткізіліп келеді. Спикер «қола» сөзінің тек айтыс сатыларының атауы екенін, ал балаларға сапалы ағаш домбыра табысталатынын ерекше атап өтті.

Серікзат Дүйсенғазы алдағы уақытта балалар айтысының елдің барлық өңірінде тұрақты түрде өткізіліп, іріктеу кезеңдерінің жүйелендірілетінін жеткізді. Бұл үлкен жобалардың алғашқы қадамы Шымкенттен басталғанын қуана айта келе, қала әкімдігіне көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс білдірді. Айтысқа қатысушылардың барлығы түсіріліп, кейін YouTube арнасында жарияланатыны да атап өтілді.

Шымкент қаласының айтыс өнеріндегі орны туралы айта келе, спикер өңірдің өнерлі өрелі орта қалыптастырғанын ерекше бағалады. Оның пікірінше, қазақылықтың қайнар бұлағы саналатын бұл өңірде балалар айтысы әрдайым өтіп тұруға тиіс. Дәстүрлі өнер мектебі, облыстық ұлттық мектеп сынды бірнеше айтыс орталықтары жұмыс істеп тұрғанымен, өзге өңірлерде бұл бағыттың әлі де кемшін тұстары бар. Сол себепті болашақта барлық облыста арнайы өнер мектептерін ашып, балаларды кәсіби оқытуды қолға алу жоспарланып отыр.

Айтыстың соңында үздік өнер көрсеткен жас ақындарға қаржылай сыйлықтар табысталды. Жыр додасына қатысқан өрендердің суырып салма қабілеті, сахна мәдениеті мен сөз саптауы ұлттық өнердің болашағы ойдағыдай екенін дәлелдеді. Айтысқа келген көрермендер де жас ақындардың өнеріне ризашылық білдіріп, олардың елдік рухты жырмен асқақтатқан өнеріне жоғары баға берді.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»