​Жаңа бизнес-идеяларға грант беру басталады

​Жаңа бизнес-идеяларға грант беру басталады

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі әрі қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаладағы өзекті мәселелер мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына қатысты брифинг өткізді. Ол өз сөзінде мегаполистегі жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және төтенше жағдайда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында биыл 20 қазаннан 3 қарашаға дейін Business.enbek.kz порталы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау басталады. Бұл «Ашық бизнес» жобасы аясындағы үшінші кезең. Биыл Шымкент қаласында 93 азаматқа 400 АЕК көлемінде грант беру жоспарланып отыр. Грант жаңа бизнесті бастауға немесе қолданыстағы кәсіпті дамытуға бағытталады және бұл тек бір рет, қайтарымсыз негізде беріледі. Бағдарламаға жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі үш жылдан аспайтын тұлғалар қатыса алады. Сонымен қатар, үміткерлер мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелері, «қандас» мәртебесі барлар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылғандар және өңіраралық қоныс аударушылар секілді әлеуметтік санаттардың біріне жатуы қажет. Бұдан бөлек, грант алу үшін үміткердің соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерінен оқығаны туралы сертификаты болуға тиіс. Өтінім беру процесі электронды түрде жүргізіледі. Интернеті жоқ азаматтар мансап орталықтарында немесе ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтініш бере алады.

Ресми өкілдің сөзінше, қаражат тек құрал-жабдық, мал, тұқым, көшет сатып алу немесе жалға алу шығындарын өтеу үшін жұмсалуы мүмкін. Ал кредит өтеу, тұрғын үй немесе жер сатып алу және акцизделетін өнім өндіру мақсатында грант қаражатын пайдалануға тыйым салынады. Грант иегерлерін арнайы комиссия іріктейді. Үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғап, бағалау бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттігіне, өткізу нарығының нақтылығына, қаржылық өміршеңдігіне және жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуетіне қарай жүзеге асырады. Қолдау тапқан жобалардың тізімі порталдағы жеке кабинет арқылы хабарланбақ.

Сәрсен Құранбек брифинг барысында қалада болған төтенше жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, 8 қазан күні Төлеметов пен Бәйтереков көшелерінің қиылысында жүк көлігінің артқы борты ашылып кетіп, 12 тонна нефтешлам жүктің 4 тоннасы жолға төгілген. Көлік PetroKazakhstan ЖШС-не тиесілі болған және Шымкенттен Қызылорда қаласына бағыт алған. Оқиға орнына Шымкент қаласы Қаратау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен «Ұлттық сараптама орталығының» мамандары барып, қажетті сынамалар алған. Сараптама нәтижесінде ауа құрамында шекті жол берілетін концентрациядан асу дерегі анықталмаған. Мұнай қалдықтарын тазалау жұмыстары жедел ұйымдастырылып, жол үстіне екі КамАЗ құм төгіліпті.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары жастарды жұмыспен қамту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қалада биыл «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 2 251 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазір 1 643 жас маманға жолдама беріліп, олар түрлі мекемелер мен ұйымдарда тәжірибеден өтіп жатыр. Бұдан бөлек, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы 346 жас азамат тұрақты жұмыспен қамтылыпты. «Жастардың еңбек нарығына бейімделуіне бағытталған бұл жобалар мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Әрбір жас Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеліп, аудандық мансап орталықтарына барып, өз мүмкіндігін пайдалана алады»,деді Сәрсен Құранбек.

Брифинг барысында мегаполистегі тағы бір маңызды бағыт тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда атқарылып жатқан жұмыстар да баян етілді. Ресми өкілдің айтуынша, табиғи газдан улану деректерінің алдын алу мақсатында Шымкент қалалық прокуратурасымен бірлескен жұмыс алгоритмі әзірленіп, нақты іс-қимыл жоспары бекітілген. Мекеме мамандары тұрғындарға газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, арнайы жадынамалар да таратып жатыр. Тексеру нәтижесінде үйішілік газ жүйелерінің талапқа сай келмеу фактілері жиі анықталған. Осыған байланысты QAZAQGAZ AIMAQ Шымкент филиалына 2025 абонент бойынша тиісті шара қолдану үшін мәлімет жолданыпты. Қазір 230 үйдің газ жабдығы уақытша ажыратылып, қалған 1 795 үйде ақауларды жою жұмыстары жалғасып келеді. Десе де жыл басынан бері адам өміріне тікелей қауіп төндіретін жағдайлар жиі тіркелген. Тексеру барысында газ жабдығында ақау анықталған 810 абонент уақытша газдан ажыратылып, кемшіліктер жойылғаннан кейін ғана қайта қосылыпты. Газ тұтыну ережелерін бұзғандарға қатысты әкімшілік шаралар да қарастырылған.

Бұдан кейін Сәрсен Абайұлы қаланың экологиялық және эстетикалық келбетін жақсартуға бағытталған ауқымды жобаларға да тоқталды. Оның айтуынша, Шымкент қаласының Абай ауданында ескі қоқыс полигонының орнында «Экопарк» салу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында «Дани нан» компаниясының демеушілігімен саябақ аумағына биіктігі 3-7 метр аралығындағы 5000 ағаш көшеті отырғызылмақ. Сонымен қатар, BI GROUP есебінен 9 дана су ұңғымасы қазылып, 13 гектар жерге автоматты суару жүйесі орнатылады. Ал DALA FRUIT ЖШС-нің демеушілік қолдауымен 1 800 жеміс ағашы мен 1 215 шаршы метр сәндік өсімдіктер егілмек, сондай-ақ 8 гектар аумаққа тамшылатып суару жүйесі енгізіледі.

Сонымен қатар, қаладағы басты көшелер мен саябақтарда 22 мыңнан астам көпжылдық гүл түрлері егіліп жатыр. Биыл демеушілердің қолдауымен жалпы аумағы 1 гектар болатын жылыжай іске қосылып, онда гүл көшеттерін өсіру жұмыстары басталған.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар да жалғасып жатыр. Осылай деген ресми өкілсоңғы уақытта әлеуметтік желілерде №52 бағыттағы қоғамдық көлікке қатысты шағымдар жиі айтылып жатқанын жеткізді. Әсіресе, оқушылардың автобусқа сыймай қалған сәті түсірілген бейнежазба қоғамда қызу талқыланады екен. Бұл бағыттағы қозғалыс жүйесі бойынша жұмыс күндері 18 автобус 10-15 минуттық интервалмен, ал демалыс және мереке күндері 16 автобус 15-20 минуттық аралықпен қызмет көрсетеді. Тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына байланысты №52 бағыттың қозғалыс сызбасы қайта қаралып, соңғы аялдама Т. Айбергенов көшесіне дейін ұзартылған. Бұған дейін маршрут айналмалы жүйемен «ЦУМ» аялдамасына дейін ғана қатынап, жолаушылар келесі автобусқа ауысуға мәжбүр болатын.

«Қалада қоғамдық көлік мәселесі, әсіресе №52 бағыттағы автобустардың қозғалысына қатысты пікірлер мен шағымдар әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүр. Бұлтұрғындардың белсенділігін, қаланың өміріне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Әкімдікке келіп, мәселені тікелей жеткізу дұрыс. Дегенмен, мұндай мәселелерді көтеру кезінде өзара сыйластық пен қоғамдық тәртіпті сақтау да маңызды. Әкімдік – бүкіл қаланың мүддесін қорғауға арналған ашық орта, сондықтан әр пікірдің де мәдениетті, негізді және шешімге бағытталғаны абзал», деді қала әкімінің орынбасары.

Осылай деген ол оқушылардың көлікте орын тапшылығына ұшырауының бір себебін түсіндірді. «Бұл бағыттың ұзындығы 61 шақырым. Бір айналымда бар болғаны 60 адам ғана тіркелгені белгілі болып отыр. Бұл көрсеткіш бағыттағы автобустар санын көбейтуге кедергі келтіреді, себебі нақты жолаушылар ағыны валидатор арқылы тіркелмеген. Мәселенің түп-төркіні оқушылардың жол жүру картасын рәсімдемеуі немесе қолындағы картаны валидаторға тигізбеуі. Қалада 270 мыңнан астам оқушы бар, бірақ олардың небәрі 30 мыңы ғана жол жүру картасын алған. Бұлөте төмен көрсеткіш. Ал автобустар санын арттыру немесе қосымша рейстер енгізу үшін нақты транзакциялық деректер қажет. Тиісті мәлімет болмаған жағдайда заңнамада жаңа көлік бірліктерін қосуға мүмкіндік шектеулі», дейді ол. Осыған байланысты қала әкімдігі мен білім басқармасы мектептерге арнайы тапсырма беріп отыр. Әр оқушының жол жүру картасы ресімделіп, бұдан кейін қоғамдық көлікке мінген сайын валидатор арқылы тіркелуі керек. Бұл – есептің дұрыстығын әрі қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігін арттырудың бірден-бір жолы. Оқушыларға арналған картаны алу процесі барынша жеңіл. Енді арнайы орталықтарға барудың қажеті жоқ. jenil.avtobys.kz сайты арқылы өтінім беріп, виртуалды карта түрін де ұялы телефонға енгізуге болады. Бұл картаның физикалық нұсқасы талап етілмейді, транзакция QR код арқылы онлайн жасалады екен.

Сондай-ақ ресми өкіл әдеттегідей апта ішінде болған қылмыстық статистиканы баян етті. Өткен аптада қалада 176 қылмыстық іс тіркеліп, соның төртеуі сотқа жолданды. Ең жиі кездесетін қылмысқа тағы даалаяқтық, ұрлық, есірткі айналымына қатысты және жол-көлік оқиғаларына байланысты істер кірген.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»