Тәуелсіздік күні қарсаңында Шымкент қаласында тағы бір қуанышты оқиға орын алды. Қаланың Көксай аумағын жаңғырту тұжырымдамасы аясында 20 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды.
Мерекелік шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұрын Транспорт көшесі, 5 және Нұрлыбаев көшесі, 2 мекенжайларында тұрған тұрғындарға заманауи пәтерлерді салтанатты түрде табыстап, қоныстой иелерін Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Қала басшысы тұрғындарға мықты денсаулық, отбасына береке-бірлік және жарқын болашақ тіледі.
Айта кетейік, Көксай аумағын жаңарту жұмыстары басталғалы бері 103 отбасы жаңа қонысқа көшірілді. Тұрғындар Шымкент-сити және Тұран шағынаудандарында бой көтерген жайлы үйлерге орналастырылған. Барлық пәтерлер таза әрлеумен тапсырылып, бөлме саны бұрынғы баспаналарына сай, қоныстануға толық дайын күйде берілді.
Бұл – Тәуелсіз елдің басты құндылығы – азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Алдағы уақытта да тұжырымдама аясында тұрғындарды көшіру және оларды заман талабына сай, жайлы баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын таба береді.
“Шымкент келбеті”