Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Бұл іс-шара қаланың санитарлық тазалығын сақтау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және ортақ жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталып отыр.
Тұран ауданында өткен тазалық күніне әкімдік өкілдері, «Тұран» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Әсіресе қаланың шетінде орналасқан Жаңаталап шағын ауданында өткен сенбіліктің қоғам үшін маңызы зор болды. Сенбілікке қатысушылар бекітілген көшелер мен аулаларды, арық-атыздарды тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардан тазартты. Сонымен қатар, қураған ағаштар кесіліп, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін бұталар ретке келтірілді.
Тазалық жұмыстарына бір тиегіш техника, Газ-53 маркалы екі жүк көлігі, үш ағаш кесу құрылғысы қолданылды. Барлығы 60-70 адам атсалысып, үйлесімді жұмыс атқарды. Арнайы техникалардың көмегімен жиналған тұрмыстық қалдықтар шығарылып, көшелер мен арық бойлары тазаланды.
Жалпы, мұндай игі іс-шаралар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қаланың көркеюіне де үлкен үлес қосып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық сана мен азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама екенін тұрғындар да жақсы түсіне бастады. Тұрғындардың сөзінше, бұл тек бір күндік сенбілік емес, қоршаған ортаны аялауға, туған қаланы таза ұстауға үндейтін ізгі дәстүрдің бір бөлігі.
Сенбілік барысында тұрғындар мен коммуналдық қызметкерлердің бірлескен еңбегі қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті күшейтіп, қала тазалығын сақтау әрбір азаматтың парызы екенін көрсетіп отыр.
Мұндай экологиялық акциялардың тұрақты түрде өткізілуі қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға сеп болады. «Таза қала – таза қоғамның айнасы» деген ұстанымды берік ұстанған аудан тұрғындары алдағы уақытта да өз қаласының көркейіп, гүлденуіне белсенді үлес қосуға ниетті.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»