Бүгін Шымкент қаласындағы Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ашық тәрбие сағаты өтті. Іс-шара жас ұрпақтың бойында табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналды. Мектеп ауласында ұйымдастырылған іс-шараға ұстаздар мен оқушылар белсене қатысып, өз өнерлерін, шеберліктерін және экологиялық көзқарастарын көрсетті.
Мектеп директоры Жанар Саржанованың айтуынша, білім мекемесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылған. Осы арқылы өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың бойында табиғатты қорғау, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін арттыру көзделген. «Біздің оқушылар «Жер-Ана біздің ортақ үйіміз, оны аялау әрқайсымыздың борышымыз» деген ұстаныммен түрлі экологиялық жобаларға атсалысып келеді. Бүгінгі сынып сағаттарында да балалар осы тақырып аясында ой бөлісіп, өздері дайындаған көрмелер мен қолөнер бұйымдарын ұсынды. Сонымен қатар мектеп ауласында гүл егу, ағаш отырғызу сияқты игі істер де жүзеге асып жатыр», деді мектеп басшысы.
Жанар Нұржанова мектептің жетістіктері мен оқу процесіндегі жаңалықтар жайлы да айтып өтті. Оның айтуынша, қазір №15 мектеп-лицейде 2556 оқушы білім алады. Өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 2900 оқушыны құраған. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді, бірінші ауысымда бастауыш сыныптар оқиды. Жалпы білім беру сапасын арттыру мақсатында мұнда 178 мұғалім еңбек етіп жатыр.
– Біздің мектебімізде тек оқу процесі ғана емес, қосымша білім беру бағытында да үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Оқушылар түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып, өз қабілеттерін шыңдайды. Мысалы, «Қызғалдақ» би тобы көптеген қалалық және республикалық байқаулардан жүлделі орындарға ие болып жүр. Сондай-ақ, мектебімізде таэквондо үйірмесі де табысты жұмыс атқарып жатқанын айтып өткім келеді. Бұл үйірмелерге қатысатын балалардың жетістіктері біз үшін үлкен мақтаныш, - дейді ол.
Оның сөзінше, мектептің ғылыми бағыттағы жетістіктері де аз емес. Оқушылар республикалық олимпиадалар мен түрлі ғылыми жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатыр. Былтыр осы үйірменің жұмысы республикалық байқауда бас жүлдені иеленген.
Іс-шара барысында оқушылар экологиялық тақырыптағы әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтардан өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Артынша мектеп ауласында гүл егу акциясы ұйымдастырылып, жасыл желекті көбейтуге үлес қосты.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен бұл игі іс оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін де шыңдады. Мектеп ұжымы мен оқушылары экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды жалғастыра бермек.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»