Ертең Шымкент қаласында өтетін оқушылар арасындағы республикалық айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас ақындар қаламыздағы Қаратау өнер мектебінде бас қосты. Жыр додасына 16 талапкер қатысып жатыр. Олардың 12-і еліміздің басқа өңірінен келген жас өрендер. Жас ақындар жетекшілерімен қонақжай Шымқаланың кешінде дайындықты бастап кетті.
Олай дейтініміз, айтыс қарсаңында Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде жас ақындарға арналған арнайы кездесу ұйымдастырылды. Мұнда үміткерлер еліміздің белгілі айтыскерлерімен жүздесіп, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Қонақтар алдымен өнер мектебін аралап, ұлттық дәстүрді ұлықтап келе жатқан айтыс сыныбының жұмысымен танысты. Бұл сыныпта бүгінде 20-ға жуық шәкірт білім алып, республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орынды иеленіп жүр.
— Айтыскерлердің жас буынын қалыптастыру — қазіргі аға буынның мойнындағы үлкен міндет. Сол үшін Қаратау дәстүрлі өнер мектебін ашып, арнайы айтыс сыныбын жолға қойдық. Бүгін сырттан келген жас ақындарға мектебімізді көрсету — біріншіден, таныстыру, екіншіден, бағыт-бағдар беру. Жас таланттарға шеберлік сағаты, тәжірибе алмасу ауадай қажет, - дейді Қаратау өнер мектебінің басшысы, ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Шымкент филиалының төрағасы Біржан Байтуов.
Шара барысында белгілі айтыскерлер — Нұрлан Есенқұлов, Астанадан арнайы келген Өміржан Көпбосынов пен Қажымұқан Абзалов жас ақындар үшін тәжірибе сағатын өткізді. Олар үміткерлерге сөз өнерінің қыр-сырын түсіндіріп, айтыс мәдениеті туралы ой бөлісті.
— Бұл жерде ақынның аузына сөз салып беру емес, керісінше, жастардың шыңдалуына демеу болу, шынайы айтыс рухын сезіндіру маңызды, - дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар бүгін айтыстың жеребесі де анықталып, ертеңгі додаға толық дайындық жұмыстары пысықталды.
Ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты — ұлттық өнерімізді насихаттау, жас буын арасында айтыс өнерін дамыту және талантты өрендерді ынталандыру. Шымкент төрінде өтетін республикалық оқушылар айтысы — осы бағыттағы игі істің жарқын жалғасы болмақ.
«Шымкент келбеті»