Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар игі шаралар жүзеге асырыла бастады. Оның ең маңыздысы – әлеуметтік осал топтағы азаматтарды медициналық сақтандырумен қамтуды күшейту және медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру.
Шымкентте бүгінгі таңда 1 миллионнан астам адам, яғни халықтың 81,7 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемлекет төлеуде. Алайда, қалада МӘМС жүйесіне қатыспайтын 55 362 осал санаттағы азаматтар бар. Өзгерістер дәл осы топты қолдауға бағытталып отыр.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдан бастап әлеуметтік тұрғыдан әлсіз D және E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың сақтандыру жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл – осал топқа қолдау көрсетуді күшейтіп, олардың қажетті емді уақытылы алуына жол ашатын жүйелік реформа.
МӘМС жүйесіндегі осы және өзге де маңызды өзгерістер мен қажетті ақпараттар бүгін ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы қызметкерлерінің Индустриалды-Техникалық колледж ұжымымен кездесу барысында егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ұстаздар қауымы медициналық сақтандыруға қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Айта кету қажет, Қор филиалалының мамандары қазіргі таңда халық арасында МӘМС туралы заңға енгізілген өзгертулер жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуде.