Шымкент қаласында Іскер әйелдер кеңесінің 10 жылдығына арналған «Әйел кәсіпкерлердің үшінші өңірлік бизнес-форумы» өтті. Форумға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, Шымкент қаласы әкімдігі, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдері ұлттық қауымдастығының жетекшілері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген бизнес-ханымдар қатысты. Жалпы қатысушылар саны 500-ден асты.
Форумның басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы әлеуетін арттыру, іскер әйелдер арасындағы тәжірибе алмасуды жолға қою және өңір экономикасының дамуына үлес қосқан кәсіпкер әйелдерді қолдау болды.
Шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, іскер әйелдердің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды.
– «Қазақ әйелдері – шаңырақтың ұйытқысы ғана емес, ел экономикасының да қозғаушы күші. Сіздердің табандылықтарыңыз бен еңбектеріңіз арқылы еліміздің кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Шырайлы Шымкенттің өркендеуіне қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз. Істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді ол өз сөзінде.
Шымкент қаласында бүгінде әр екінші кәсіпкер – әйел адам. Олар сән индустриясын дамытып қана қоймай, өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы мен білім беру саласында да белсенді.
Іс-шара барысында өңірдің экономикасына елеулі үлес қосқан белсенді қыз-келіншектер марапатталды. Сонымен қатар іскер әйелдерге арналған түрлі оқыту бағдарламалары, бизнес тренингтер, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылды.
Форум аясында ұйымдастырылған көрме ерекше әсер қалдырды. Мұнда нәзік жандар өз қолымен жасаған бұйымдарын, ұлттық нақыштағы киімдерін, хош иісті май шамдарын, сәндік бұйымдарын ұсынды. Жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып, бизнес бағыттарын кеңейтудің тың тәсілдерімен бөлісті.
Көрмеге қатысушылардың бірі – Ұлболсын Тілемісова, тоғыз баланың анасы, құрақ көрпе тігіп, кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйел. Ол мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып, бүгінде ай сайын екі тапсырысты орындайды. Бір айда бір қыз жасауын бітіреді. Сонымен қатар екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– «Құрақ көрпе – қазақтың қасиетті өнері. Осы дәстүрді жаңғырта отырып, отбасылық табыс көзіне айналдыра алдым. Мемлекеттен алған грант маған үлкен мүмкіндік берді», – дейді Ұлболсын Тілемісова.
Тағы бір жас кәсіпкер – Әсел ханым, ол қолдан жасалған хош иісті май шамдар мен гипстен, керамикадан жасалған бұйымдар ұсынады. Оның айтуынша, кәсібі шағын тапсырыстардан басталып, бүгінде тұрақты клиенттік база қалыптасқан. Болашақта өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Форумда ерекше көзге түскендердің бірі – ұлттық нақыштағы киімдер тігумен айналысатын кәсіпкер. Ол дәстүрлі тақия мен киім үлгілерін заманауи сәнмен үйлестіріп, ерекше бренд қалыптастырған.
– Біздің басты жобамыз – ұлттық нақыштағы тақиялар тігу. Бүгінде табиғи маталардан, жүн мен мақтадан жасалған сапалы өнімдерімізге сұраныс жоғары. Қазақстанның әр өңірінен, тіпті Ресейден де тапсырыстар түсіп жатыр. Туристер де ерекше қызығушылық танытады. Себебі біздің өнім табиғи әрі сапалы», – дейді кәсіп иелері.
Бұлар «Тарту» брендінің негізін қалаушылар Алуа Заманова мен Рахымжан Алтынбеков. Өнімдері сапалылығымен елге танылып үлгерген. «Бір алған адам қайта іздеп келіп алады» дейді шеберлер.
Бұл шеберлер «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары атанып, 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған. Қазір жеті адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Форумға қатысқан «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдері ұлттық қауымдастығының төрайымы Ләззат Рамазанова іскер әйелдер кеңесінің он жылдық белесіне тоқталып, елдегі кәсіпкер әйелдер санының жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– Қазақ әйелдері – еңбекқор, ізденімпаз және рухы мықты. Олар тек отбасын ұйыстырып қана қоймай, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отыр. Біз оларға жаңа мүмкіндіктер, білім мен тәжірибе алаңдарын ұсынуды жалғастырамыз, – деді Ләззат Рамазанова.
“Әйел кәсіпкерлердің үшінші өңірлік бизнес-форумы” – нәзік жандардың тек отбасында ғана емес, қоғам мен экономикада да өз орнын нықтап, жаңа белестерге ұмтылып келе жатқанын айқын көрсетті. Іскер әйел – отбасының тірегі, экономиканың тірегі, ұлттың ұйытқысы.
Олар тігін цехында да, зауытта да, кеңседе де табандылықпен еңбек етіп жүр. Бірі – құрақ құраса, бірі – хош иісті шам құяды, бірі – ұлттық бренд қалыптастырады. Бірақ барлығының мақсаты ортақ – ел экономикасына үлес қосу және қазақ әйелінің мәртебесін биіктету.
Форум соңында қатысушылар ел болашағына үлес қосып жүрген іскер әйелдердің еңбегін жоғары бағалап, алдағы уақытта да әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы шаралардың жалғаса беретінін атап өтті.
«Шымкент келбеті»