Шымкент қаласы еліміздің үшінші мегаполисі ретінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында қалада тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Жасыл желекті көбейту, қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру, санитарлық тазалықты күшейту және экологиялық ахуалды жақсарту – қала дамуының басым бағыттарының бірі. 2024–2025 жылдары көгалдандыру бағытында ауқымды жобалар іске асты. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2025 жылдың 11 айында Шымкент қаласында қалалық жайлы ортаны дамыту саласында атқарылған жұмыстар, қол жеткізілген нәтижелер және алдағы жоспарлар» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысы Оңғар Әбілқайыр өзі басқарып отырған мекеменің биыл атқарған жұмысын баяндады.
– Биыл жалпы ұзындығы 54 шақырымды қамтитын 25 көше бойына 500 мың шаршы метр жаңа газон төселіп, автоматтандырылған суару жүйелері орнатылды. Сонымен қатар 14 500-ден астам бұта отырғызылып, жасыл аймақтарды тұрақты суаруды қамтамасыз ету үшін 33 су ұңғымасы бұрғыланды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қосымша 18,4 мың шаршы метр аумақта көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Көктемгі маусымда қала көшелеріне 1,6 миллион түп қызғалдақ, 58 нысанға 1,1 миллион гүл, ал парктер мен гүлзарларға 150 мыңнан астам біржылдық гүл отырғызылды. Бюджетті тиімді пайдалану мақсатында жылына 1,6 миллион түп гүл өндіретін жылыжай кешені әзірленіп жатыр, – дейді Оңғар Әбілқайыр.
Басқарма басшысының айтуынша, қала аумағын көпжылдық өсімдіктермен толықтыру жұмыстары да жүйелі жүріп келеді. Лаванда, можжевельник, спирея, раушан, аннабель секілді сәндік өсімдіктердің 22 мың данасын егу жоспарланған. 2025 жылы қала бойынша 152 мың түп ағаш отырғызылды. Ал 2026 жылы көгалдандыру жұмыстары одан әрі жалғасын тауып, 32 көшеге бұталар отырғызу, жаңадан салынған 6 көшені толық көгалдандыру, 4 мың түп ағаш егу, 16 су ұңғымасын бұрғылау және қала орталығында тік көгалдандыру жүйесін енгізу қолға алынбақ.
Басқарма басшысының айтуынша, Абай ауданында бұрынғы қоқыс полигоны аумағында жаңа «Экопарк» салу жұмыстары басталып кеткен. Жоба демеушілер есебінен жүзеге асуда. «Дани нан» компаниясы 5 мың түп ағаш отырғызуды қамтамасыз етсе, «BI GROUP» 9 су ұңғымасын бұрғылап, 13 гектар аумаққа автоматты суару жүйесін орнатуда. Сондай-ақ «DALA FRUIT» компаниясы 1 800 жеміс ағашын егіп, 8 гектар аумаққа тамшылатып суару жүйесін енгізіп жатыр.
Қаланың эстетикалық келбетін арттыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 6 жаңа гүлзардың құрылысы жүргізіліп, оның біреуі пайдалануға берілді, қалғандары жыл соңына дейін аяқталады. Шымсити, Тұран, Жангелдина, Жібек жолы – Сайрам, Диваев – Орынбаев бағыттарында орналасқан гүлзарлар қаланың көркін аша түседі. Сонымен қатар жылыжайларда өсірілген көпжылдық өсімдіктерді 2026 жылы көшелерге отырғызу жоспарланып отыр.
– Су арналары мен өзендерді қалпына келтіру жұмыстары да қарқын алды. Қаланың ірі каналдары – «Ақжар», «Ақсай–Қарабастау», «Кәусар» нысандарының құрылысы мен реконструкциясы аяқталды. Биыл 268,9 шақырым канал механикалық және санитарлық тазартудан өтті. 2024 жылы «Бадам» өзенінің 9 шақырым арнасы бекітілді. 2025 жылы өзеннің ең қауіпті 5,3 шақырым аумағында арна түзету жұмыстары толық аяқталады. Сонымен қатар қала микроклиматын жақсарту мақсатында «Жаңа Шек» және «БМК» каналдары арқылы тәулігіне 200–250 литр/секунд су орталық көшелерге бағытталып, шаңды азайтып, ауаның температурасын реттеуге мүмкіндік беруде, – дейді басқарма басшысы.
Қала аумағында жалпы 86 субұрқақ бар, олардың 41-і қалалық басқарма теңгерімінде. 2024 жылы демеушілер есебінен 18 жаңа субұрқақ салынды, 93 сорғы жаңартылып, барлық субұрқақтар маусымдық тазалаудан өтті және қысқы консервациялау жұмыстары толық аяқталды.
Экологияны жақсарту бағытында екі ірі жоба іске қосылды. Оның бірі – тұрмыстық қалдықтарды термиялық өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт құрылысы. Инвестиция көлемі 100 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба 2025–2027 жылдары жүзеге асырылады және 70 тұрақты жұмыс орнын ашады. Екінші жоба – «Clean Village» жүйесі. Оның аясында жылына 300 мың тонна қалдық сұрыптайтын кешен, 200 жартылай жерасты контейнер, 900 датчик, 50 бейнебақылау камерасы орнатылып, 60 арнайы техникаға бақылау жүйесі енгізіледі. Бұл қалдықтарды жинау және тасымалдау процесін толық цифрландыруға мүмкіндік береді.
Қысқы маусымға дайындық та уақытылы жүргізілуде. Қаланың 443 магистральды көшесін күтіп ұстау үшін 5 мердігер мекеме жұмыс істейді. Қажетті инертті материал қоры – 25 мың текше метр құм және 15 мың тонна тұз алдын ала дайындалған. Қар тазалау жұмыстарына тәулігіне 243 арнайы техника және 2000-ға жуық жұмысшы жұмылдырылады.
Жалпы, Шымкент қаласында көгалдандыру, абаттандыру және экологиялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі жүргізіліп, қала келбеті жаңарып келеді. Жасыл аймақтардың ұлғаюы, су арналарының қалпына келтірілуі, субұрқақтардың жаңғыртылуы және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесінің жетілдірілуі мегаполисті экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, заманауи және жайлы қалаға айналдыруға айтарлықтай үлес қосып жатыр.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА, «Шымкент келбеті»