Күздің қара суығы сезіле бастаған тұста тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың белең алу қаупі артады. Әсіресе мектеп оқушылары мен қарт адамдардың денсаулығына бұл маусым айрықша сынақ кезеңі деуге болады. Осыған байланысты Шымкент қаласында індеттің алдын алу шаралары күшейтіліп, медицина мекемелері толық дайындық режиміне көшкен.
Бұл туралы Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова мәлімдеді.
Маманның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері қалада 84 100 ЖРВИ анықталған. Оның 65,8 пайызы - балалар.
– Қазіргі эпидемиологиялық ахуал салыстырмалы түрде тұрақты. Бірақ ЖРВИ мен тұмаудың белең алу қаупі бар. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс. Биылғы маусымда тұмаудың 304 жағдайы тіркелген. Оның 150-і – А типі, 154-і – В типі. Сондай-ақ COVID-19 инфекциясының 94 жағдайы тіркеліп отыр, науқастардың тең жартысы – 14 жасқа дейінгі балалар. Барлық ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде, – дейді Айгүл Мелесқызы.
Қалада тұмаудың таралуын болдырмау үшін жергілікті бюджет есебінен 150 000 доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған.
– Қазіргі уақытта 31 мыңнан астам адам екпе алды. Оның ішінде 6 800-ден астамы – балалар. Вакцинация жүріп жатыр, тұрғындар ерікті түрде қатыса алады. Вакцина тәуекел тобына жататын азаматтарға тегін егіледі. Олар жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, педагогтар, әскери қызметшілер, созылмалы аурулары бар адамдар және 65 жастан асқандар, – дейді Айгүл Тұрымбетова.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, дәл осы топтағы адамдарда тұмау асқынғанда өлім-жітім көрсеткіші жоғары болады.
Шымкент қаласында 2025–2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға орай медицина ұйымдары күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Қаладағы емханаларда қосымша 81 байланыс нөмірі ашылып, 71 автокөлік науқастарға шұғыл қызмет көрсетуге бөлінген. ЖРВИ және тұмаумен ауырғандарды жатқызу үшін 367 төсек орын дайындалған. Атап айтқанда, жұқпалы аурулар ауруханасында – 322 орын (қосымша 100 орын қарастырылған), қалалық балалар ауруханасында – 10, облыстық балалар ауруханасында – 35 орын.
Білім беру ұйымдарында да індеттің алдын алу шаралары жолға қойылған. Әр мектепте «сүзгі» жүйесі енгізілген, яғни, оқушылар мен мұғалімдердің жағдайы тексеріліп, ауру белгілері бар адамдар дереу үйіне жіберіледі.
– Бір сыныптағы оқушылардың 20 пайызы ауырса, оқу кабинеттік жүйеден тоқтатылып, сынып уақытша оқшауланады. Егер 30 пайыздан астам бала ауырса, сабақтар онлайн форматқа ауыстырылады, – деп түсіндірді Айгүл Тұрымбетова.
Сондай-ақ, мектептерде антисептиктер орнатылып, жеке гигиена ережелері туралы тақырыптық диктанттар мен сынып сағаттары өткізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, ЖРВИ мен тұмаудың белгілері ұқсас келеді. Жоғары температура, бас ауру, тамақтың жыбырлауы, мұрынның бітелуі, жалпы әлсіздік. «Бұл белгілерді елемей, өзін-өзі емдеу жиі ауыр асқынуларға – пневмония, менингит, энцефалит сияқты қауіпті ауруларға әкеліп соқтырады», – дейді дәрігерлер.
Мамандар жеке бас гигиенасын сақтау, қолды жиі жуу, бетперде тағу, жаппай жиналатын орындардан бас тарту және уақытында вакцина алу қажеттігін ескертеді.
«Шымкент келбеті»