Шымкент тағы бір мәрте жас өнерпаздардың оттай жанған талантын танытатын алаңға айналды. Ұлттық музыканың дамуына серпін беріп, қазақ эстрадасына жаңа есімдерді қосу мақсатында ұйымдастырылған «Шымкент сазы» республикалық ән байқауы биыл қаламызда алғаш рет өтті. Шараға Шымкент қалалық әкімдігі бастамашы болып, жас дарындарға кәсіби сахнаға жол ашатын маңызды мәдени жоба ретінде қолға алған.
Өнердің отын маздатып, сахнаның сәнін кіргізуге келген кіл мықты үміткерлер қала тұрғындарын әсем әнмен тербетіп, кәсіби деңгейде жарысты.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 63 жас әнші онлайн іріктеуге қатысып, олардың ішінен 21 өнерпаз ғана сахна төрінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Байқау алдында ұйымдастырушылар алдымен «Қызғалдақ» сарайында баспасөз конференциясын өткізді. Ол жерде қазылар алқасының толық құрамы таныстырылып, байқаудың мәні мен маңызы кеңінен айтылды. Жиында өнер додасының ерекше тартысты өтетіні, қатысушылардың деңгейі айрықша жоғары екені де атап өтілді.
Ал қазылар алқасы – өз саласының шыңына шыққан тұлғалар. Төрағалық еткен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші-сазгер Жеңіс Сейдоллаұлы қатысушылардың вокалдық мүмкіндігімен қатар сахналық мәдениетін, шығарманы көркем жеткізуін жіті қадағалайтынын айтты. Ал оның әріптестері — эстрада жұлдызы Жанна Орынбасарова, жастардың сүйікті әншісі Ерназар Мэлсұлы, «Қаған» этнофольклорлық ансамблінің негізін қалаған Нұрболат Әмірханұлы және ҚР мәдениет қайраткері Амантай Берғалиев — әділ сын мен жан-жақты сараптамамен ерекшеленетінін көрсетті.
— Қатысушылардың талант деңгейі өте жоғары. Сондықтан байқау нағыз тартысқа толы болмақ. Алғаш рет өткізіліп отырған байқау Шымкент мәдениет өміріндегі елеулі оқиға. Үздіктерге 9 миллион теңге көлемінде жүлде қоры қарастырылып отыр. Бас жүлде — 2 миллион теңге, қалған жүлделі орындар мен арнайы номинациялар бойынша да марапаттар ұсынылады, – деді Амантай Берғалиев баспасөз жиынында.
Сахнада өнер көрсеткен әр жас — жаңа үміт, жаңа дауыс. Олардың орындауындағы ұлттық бояуы қанық, заманауи өрнегі үйлескен туындылар көрерменді бірде толқытса, бірде жігерлендірді.
Айта кетейік, алғашқы кезең онлайн форматта өткізіліп, 63 үміткердің ішінен 21 жас әнші байқаудың екінші кезеңіне өткен болатын. Финалдық сын Қазақстанның және Оңтүстік өңір сазгерлерінің шығармаларына арналды. Қатысушылардың вокалдық шеберлігі, сахнадағы мәдениеті мен шығарманы көркем жеткізу қабілеті қазылар тарапынан жан-жақты бағаланды.
Бүгін тартысты өткен «Шымкент сазы» байқауының үздіктері марапатталды.
Қазылар алқасының шешімімен 700 мың теңгелік 2-орын лауреаттары Қымбат Жамбылбек (Қарағанды облысы), Фариза Беймаханбет (Шымкент қаласы) атанды.
1-орын мен 1 миллион теңге жүлде Ақерке Амалят (Шығыс Қазақстан облысы) бұйырса, бас жүлде мен 2 миллион теңгені Ақмола облысынан келген
Айдын Жұмабаев иеленді.
Жас таланттардың өнері Шымкент жұртшылығының ықыласына бөленіп, байқау тағы да жаңа есімдермен толықты. Ән бәйгесі жас дарындарға үлкен сахна есігін ашып, олардың шығармашылық қанатын кеңге жаюға мүмкіндік берген ауқымды өнер мерекесі ретінде есте қалды.
“Шымкент келбеті”