СУДЬЯЛАР СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ ФИНАЛДЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТУДЕ

СУДЬЯЛАР СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ ФИНАЛДЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТУДЕ

ҚР Судьялар одағы XI Спартакиадасының финалдық кезеңі Шымкент қаласында өтіп жатыр. 26-27 қыркүйек аралығына жоспарланған жарысқа еліміздің өңірлерінен 20 команда қатысуда. Атап айтқанда, республика судьялары спорттың 9 түрінен – шағын футбол, волейбол, арқан тарту, бильярд, үлкен теннис, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және дойбыдан бақ сынайды.

Финалдық ойындардың салтанатты ашылу рәсімінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, ҚР Судьялар Одағының төрағасы Досжан Әмір іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Судьялар спартакиадасы – бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар еліміздің сот жүйесінде қызмет ететін азаматтардың достығын, кәсіби ынтымақтастығын және бірлігін көрсететін маңызды іс-шара. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене тәрбиесін насихаттау, белсенді өмір сүру мәдениетін дамыту – спартакиаданың басты мақсаттарының бірі. Сонымен қатар, бұл дода әріптестер арасындағы рухани байланысты нығайтып, сот жүйесінің адамгершілік және қоғамдық біртұтастығын айқындайды. Осы жолғы спартакиада өзінің ауқымдылығымен, жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен және қатысушылардың белсенділігімен ерекшеленді. Осындай сайыстар арқылы біз кәсіби әлеуетімізді де арттыра түсеміз, – деді ҚР Судьялар Одағының төрағасы.

Биыл мамыр айында XI спартакиаданың аймақтық іріктеу кезеңдері өткізілген болатын. Жыл өткен сайын республика судьяларының Спартакиадасы ауқымды әрі маңызды іс-шараға айналып келеді. Бұл тек спорттық жарыс қана емес, бұл корпоративтік рухты қалыптастырып, командалық бірлікті нығайтатын, жаңа кәсіби және адами байланыстар орнығатын орта.

Күнделікті заң мен әділеттің қорғаны болып жүрген судьялар спорт алаңдарында өздерінің физикалық және моральдық қасиеттерін адал бәсекеде көрсетуге мүмкіндік алады. Спорттың тоғыз түрі бойынша жекелей және командалық есепте жеңімпаздар анықталады. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтіп жатқан жарыс 27 қыркүйек күні мәресіне жетеді.

«Шымкент келбеті»