СПОРТ САЛАСЫНДА ҚАНДАЙ РЕФОРМАЛАР ОРЫН АЛМАҚ?

СПОРТ САЛАСЫНДА ҚАНДАЙ РЕФОРМАЛАР ОРЫН АЛМАҚ?

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстанда спорт саласының даму қарқыны, реформалау, қаржыландыру мен басқару жүйесіндегі елеулі өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды shymkentakparat.kz.

— Өңірлердегі спорт басқармаларын басқаратын кандидаттарды енді министрлік жанындағы арнайы комиссия қарайды. Яғни талап күшейтілді, осыған орай 13 облыста басшылық ауысты. Қаржыландыру бағытын да реттестіріп жатырмыз. Кәсіби клубтардың бюджетіне белгілі лимит енгізілді, енді легионерлер мемлекеттік қаржы есебінен жалақы алмайды. Оған тыйым салынды. Спортшыларға төленетін сыйақылар да бірыңғай стандартқа келтірілді. Сонымен қатар бүкіл жүйені ашық ету үшін Бірыңғай цифрлық платформа енгізілуде. Онда спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және спорт нысандары туралы толық деректер жинақталады. Бұл саладағы нақты жағдайды көруге және кез келген деректермен манипуляцияны болдырмауға мүмкіндік береді.

Бұл модель орталық пен өңірлер арасындағы үйлестіруді нақты жолға қояды. Ең бастысы, ел көлемінде бірдей стандарт қалыптасады. Кадрлық ротация және бірыңғай тағайындау тәртібі басшылардың жеке жауапкершілігін арттырып, басқару мәдениетін күшейтеді. Қаржылық лимиттер мен цифрландыру жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді, бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауды шектейді. Мұның барлығы жүйелі дамуға жол ашады. Яғни бұқаралық спорттан бастап, балалар мен жасөспірімдер спорты, резерв дайындау және инфрақұрылымды дамытуға дейін жүйелі қадамдар жасалады. Біз шашыраңқы шаралардан бас тартуымыз керек. Біздің мақсат – спорт саласын жүйелі түрде дамыту, соған орай басқару вертикалі енгізілді, - деді министр.

Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, бұл реформалар – саланы тиімді, заманауи және тұрақты басқару жүйесіне көшіруге бағытталған негізгі қадамдар. Мақсат тек спортшының жеңістері емес. Біз әрбір бала үшін спортқа бара алатын орта қалыптастыруымыз керек. Оның қалада немесе ауылда тұратыны маңызды емес. Инфрақұрылым, жаттықтырушыларды даярлау, қаржыландыру – барлығы бір жүйе бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл бұқаралық спорттан бастап кәсіби деңгейге дейін нақты нәтиже береді. Бірақ ең маңыздысы: бұл өзгерістер жастарды тәрбиелеудің іргетасын қалайды. Спорт – тәртіп, жауапкершілік, мақсатқа ұмтылу және командамен жұмыс істеу. Сол себепті біз жүргізіп жатқан реформалар тек медаль үшін емес, ертеңгі күні елді алға бастайтын белсенді, дені сау, жігерлі ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған. Спортшы – жастардың үлгі тұтатын тұлғасы. Олар спортшының жетістігін көреді, оған сенеді. Оның еңбегі мен жеңісі арқылы жасөспірімдер дұрыс өмірлік құндылықтарды бойына сіңіреді.