Әсел Анвардың жеке көрмесі Creative Hub орталығында өтті

Әсел Анвардың жеке көрмесі Creative Hub орталығында өтті

Шымкент қаласындағы Creative Hub орталығында суретші Әсел Анвардың жеке көрмесі өтті. Көрмеге автордың әр кезеңде салған жұмыстары, оның ішінде этностиль бағытындағы картиналары мен сызба жұмыстары қойылды. Экспозицияға шамамен 35 майлы картина ұсынылды. Автордың айтуынша, жұмыстарының саны бұдан да көп болуы қажет еді, алайда бірнеше туынды көрмеге дейін-ақ сатылып кеткен. Сонымен қатар 30-дан астам сызба жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.

Әсел Анвар көрмеде өз шығармашылық жолының бастауын және оның қалыптасуына әсер еткен жағдайларды атап өтті. Оның айтуынша, өнерге қызығушылығы бала кезден басталған. Ол балалар көркемөнер мектебін аяқтап, кейін Қастеев атындағы колледжге оқуға түскен. Кейін Италияда білім алып, сол елдің мәдениетімен жақынырақ танысқан. Автордың айтуынша, шетелдік тәжірибе оның шығармашылық көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен.

Көрмеде ұсынылған кейбір туындылар суретшінің өмірінің белгілі бір кезеңдерімен байланысты.

- Мен жиі саяхаттағанды жақсы көремін. Сапар барысында алған әсерлерімді фото арқылы емес, сурет салып эмоцияларымның сақталғанын қалаймын. Осы себепті көрмеде әртүрлі елдерде алған әсерлерімнен туған картиналар да бар. Дегенмен, қазақы болмыс пен ұлттық нақыштағы туындыларға басымдылық бердім. Біздің салт-дәстүрлеріміз әрқашан дәріптелуі тиіс. Мен оны сурет салу арқылы насихаттағым келеді», – дейді ол.

Creative Hub орталығы бұл көрмені ұйымдастыру арқылы жергілікті суретшілерді қолдау және шығармашылық жобаларды кеңейту бағытындағы қызметін жалғастырып келеді. Көрме қаланың мәдени өміріне серпін беріп, көрермендерге автордың шығармашылық әлеміне жақыннан үңілуге мүмкіндік жасады. Әсел Анвардың жеке көрмесі ұлттық өнердің заманауи бағытта дамуын көрсеткен көрмелердің бірі болды.

«Шымкент келбеті»