Қаладағы Жастар ресурстық орталығында «Республика күні – егемендіктің бастауы» тақырыбында концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада қаланың белсенді жастарына құрмет көрсетіліп, шоқтығы биік туындылар орындалды.
Мерекелік жиында жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, атаулы күннің мән-маңызын айтып берді. Жастар ресурстық орталығы тарапынан биыл Республика күнін кең көлемде атап өту жоспарланып отыр.
-Республика күніне орай 35 түрлі іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат - мерекені кеңінен насихаттау, осы күннің маңыздылығын таныту. Олардың қатарында спорт сайыстары, білім, руханият саласы және тазалық іс-шаралары бар. Мінекей, бүгін алғашқы іс-шаралар басталды, - деді орталық басшысы.
Мерекелік басқосуда жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері жастар саясатын дамытуға қосқан үлестері үшін Алғыс хат және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жиын одан әрі мерекелік концертке ұласты.
«Шымкент келбеті»