Бүгін Шымкент қаласында Прокуратура күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға прокуратура органдарының басшылығы, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Бұл күні құқықтық тәртіпті сақтау жолында қажырлы еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі ерекше аталып, ведомстволық марапаттар табысталды.
Салтанатты жиында қала прокуроры қызметкерлердің өз ісіне адал қызмет етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлін атап өтіп, олардың еңбегіне ризашылығын білдірді. Жас мамандарға қолдау білдіріліп, прокуратура ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Шымкент қаласы прокурорының көмекшісі Берік Еркін іс-шараның маңызын атап өтіп «Прокуратура саласында адал еңбек етіп, заң мен тәртіп тұжырымдамасына үлес қосып жүрген қызметкерлер бүгін лайықты марапатталды. Биыл қала прокуратурасы Президентіміз ұсынған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында кешенді жоспар бекітіп, осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді», деді.
Салтанатты жиында Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Ерлан Сәдібеков те «Мінсіз қызметі үшін» медалін тағынды. Салмақты мінезді, жауапкершілігі жоғары, тәжірибесі мол маман ретінде танылған ол прокуратура саласында он бес жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Әріптестерінің айтуынша, ол істерді терең зерттеп, әрбір құқықтық шешімді әділдік пен заң талабына сүйене отырып қабылдайтын білікті прокурор.
Өзі де марапаттау сәтіндегі толғанысын жасыра алмады. Мұндай марапат оның саладағы жауапкершілігін екі есе салмақтай түскенін айтады. «Прокуратура саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілік, екінші жағынан халыққа пайдаң тигенін сезіну – үлкен қуаныш. Қызмет барысында аса ауыр және орта санаттағы істерге жиі тап боламыз. Біреулер қылмысты саналы түрде жасаса, енді бірі білместікпен жаза басады. Бірақ біз ұстанатын қағида бір. Заңды білмеу жауаптылықтан босатпайды», дейді ол. Ал бүгінгі марапат өзі үшін үлкен құрмет екенін қуана жеткізді.
Ерлан Сәдібековтің қызмет жолындағы ерекше жұмыстардың бірі – Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іс. Ол қала прокурорының сенімімен осы істің процессуалдық прокуроры болып тағайындалған. «Алты ай бойы сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот процесі барысында ауқымды жұмыс атқардық. Ұсталған азаматтардың әрқайсысынан жауап алу кезінде олардың ішінде қылмысқа саналы түрде барғандары да, үгіттеудің әсерімен білмей ергендері де болды. Бір жағынан жүрегің ауырады. Бірақ, заң бәріне ортақ. Әр азамат заң алдында өз жауапкершілігін алды», деп еске алды ол. Ал 2017 жылы қызмет барысында жолыққан тағы бір есте қаларлық ісі аса ауыр санаттағы қылмыс бойынша күдікке ілінген азаматқа қатысты күзетпен ұстау шарасы қолданылғанына қарамастан, Ерлан Сәдібеков кезекшілік кезінде тергеуді қайта қарап, істің мән-жайын мұқият зерттеу арқылы күдіктінің сол қылмысты жасамағанын толық дәлелдеп шыққан.
“Шымкент келбеті”