Әр дәуірдің өз ардақтысы болады. Қай ортада жүрсе де халық аманатын аттамаған, абыройына дақ түсірмеген осындай жанның бірі - Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов. Жақында абзал ағамызбен жүздесіп, сұхбаттасудың сәтін таптық. Әңгімемізде жауапты қызметтің сындарлы сәттері, жүректегі өкініш пен қуаныш, елдің бүгіні мен ертеңі жайлы терең ой өрбіді.
– Зейнеттегі өміріңіз қалай өтіп жатыр, аға? Лауазымды қызмет пен зейнеткерліктің айырмашылығын қалай сезініп жүрсіз?
– Өмір – күрес, аламан бәйге. Сол бәйгеге небір жүйріктер қатысады, ал олардың арасында бірде озып, бірде қалып жүресің. Біз де әлі сол бәйгенің бел ортасында келе жатқандаймыз. Бүгінгі күнге аман жеткеніміз соның айғағы. Зейнет жасында тіршіліктің өзіне тән ерекшелігі бар. Бұрынғыдай асығыс-үсігіс қызмет, тынымсыз тірлік артта қалды. Дегенмен уақытты тиімді өткізуге тырысамыз. Өзгешелігі сол, емханаға жиірек баратын болдық. Үйде бала мен немерелердің, шөберелердің қызығын көріп, солардың шуағына бөленіп жүрміз. Қарап отырсақ, үйдегі тыныш өмірдің өзі бір үлкен ырыс. Түрлі кездесуге шақырады, жиындарға барамыз, жастарға өз өмір жолымыздан түйгенімізді, тәжірибемізді әңгімелеп береміз, өткеннің өнегесін бөлісеміз.
– Көргеніңізді, көкейге түйгеніңізді көпке жеткізетін кітап жазып жатқан боларсыз...
– Әрине, шығармашылыққа да уақыт арнаймын. Жалпы, қай өңірде қызмет атқарсам да, сол аймақтың тарихын жинақтап, ардагерлері мен батыр аналарын, соғыс ардагерлерін дәріптейтін кітап шығаруды дәстүрге айналдырған адаммын. 2005-2017 жылға дейінгі депутаттық кезеңімдегі 12 жылда сөйлеген сөзім мен көтерген мәселемнің өзі сегіз кітап болып шықты. Соның ішінде депутаттық сауалдар топтамасы да, стенографиялық есептер де бар. Газет-журналдардағы сұхбаттарымды да жеке кітап етіп құрастырдым. Өмір жолыма қатысты дүниелердің өзі біраз том болды. Жетпіс жылдығыма орай «Өмір белестері» атты кітабым жарық көрді. Бұдан бөлек, «Сол бір жылдар», «Мерей» атты еңбектерім бар. Бұл кітаптарда Мемлекет басшысынан бастап әріптестерімнің, зиялы қауым өкілдерінің лебіздері топтастырылды. Сондай-ақ мен туралы «Азамат ажары» деген естелік кітап та басылып шықты.
Қазір де қарап отырған жоқпын. 2021 жылдан бергі сұхбаттарым мен мақалаларымды жинақтап, тағы бір кітап шығаруды ойлап жүрмін. Демек зейнет жасындағы өмірім отбасымның ортасындағы шаттыққа, екінші жағынан естелік пен шығармашылыққа ден қойған кезең болып отыр.
– Биік мінберде жүргенде көтерген мәселеңіздің қаншасы қолдау тапты? Қолдау таппаған, қазір де өзекті болып отырған қандай мәселе бар?
– Менің депутаттық сауалдарым тек бір өңірге емес, республика көлеміндегі түйткілдерге арналды. Дегенмен, облыс деңгейінде көп мәселені көтердім. Мектеп құрылысы, аурухана мен емхана, жол жөндеу, ауыз су мен электр желілерін тарту, Дендропарк сияқты әлеуметтік нысандарды қолға алу, бәрі де күн тәртібінен түспейтін. Сонда 12 жылда 187 сауал жолдаппын. Жергілікті жерлердегі көтерген сауалымның барлығы дерлік кейін жүзеге асты. Бәрі бірден орындалған жоқ, бірақ жылдар өте келе халық игілігіне жетті.Тиісті министрліктерге кіріп, қажет болса Премьер-Министрдің орынбасарларына, өзіне дейін жолығып, осы мәселелерді шешуге күш салдық. Соның нәтижесінде ондаған мектеп, аурухана, жүздеген шақырым жол, электр желілері мен ауызсу жүйелері іске қосылды. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылған жұмыс көп болды.
Парламентке алғаш барған жылдары ауыл шаруашылығын дамыту жайы көтерілгенде әдетте тек астық өндірісі сөз болатын. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары 15-17 миллион тонна астық өндіретін. Қалған өңірлердің үлесі 3-4 миллион ғана еді. Сол себепті субсидия, несие, техника лизинг те солтүстікке бағытталатын. Ал оңтүстіктегі суармалы жерлер назардан тыс қалып жатты. Кеңес дәуірінде Қазақстан жерінің небәрі 6%-ы ғана суармалы болғанымен, бұл ауыл шаруашылық өнімінің 30%-ын беретін. Бірақ соңғы отыз жылда суармалы жердің көлемі бір миллион гектарға азайды. Қазір қайта қолға алынып, көбейе бастады. Ол кезде мемлекет тарапынан қолдау жеткіліксіз, су тапшылығы болды, суармалы алқаптар құрылыс пен жолға беріліп кетті. Жекешелендіруден кейін бұрынғы ірі шаруашылықтардағы гидротехникалық жүйелер ыдырады. Әр шаруа суды жеке алғысы келеді, бірақ қолдағы арықтар мен каналдардың қуаты жетпейді. Каналдар мен коллекторлар дер кезінде тазаланбағандықтан, жер сорланып, құнарсыздана бастады. Суға деген көзқарас та әлсіреп, жауапкершілік төмендеді. Бұрын республикадағы су мәселесімен тек Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы Су комитеті ғана жұмыс істейтін. Қазақстан өзендерінің басым бөлігі шет мемлекеттердің аумағынан бастау алады. Ресей, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Қытай осы суларға иелік етеді. Бұл елдердің әрқайсында су мәселесімен айналысатын толыққанды министрлік бар. Ал бізде тек комитет деңгейінде болғандықтан, көп жағдайда олар бізбен санаспайтын. Міне, осы түйткілді Парламент қабырғасында алғаш көтергеннің бірі өзім болдым. Өйткені еңбек жолымның көп бөлігі суармалы аймақтарда өтті. Соның нәтижесінде біртіндеп оң өзгерістерге қол жеткіздік. Бюджет кодексіне түзету енгізіліп, суармалы жерлерге мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейтін арнайы бағдарлама қабылданды. Қазіргі Президент келгелі бұл салаға айрықша назар аударылып, Су министрлігі құрылды, ауданнан бастап министрлік деңгейіне дейін су жүйесі бір орталыққа бағындырылып, жаңа жүйе қалыптасып келеді.
Тағы бір айрықша тоқталатын жайт, 2005 жылы желтоқсанда депутат болып сайландым. Ал 2006 жылы қаңтарда ең бірінші сауалымды жолдадым. Бұл Кентау қаласының жылу жүйесіне қатысты еді. Бұрын Кентауда ірі ТЭЦ жұмыс істеген, кейін жекешелендірілді. Салдарынан қыс айында көпқабатты үйлерге жылу берілмей, халық тоңып, тіпті көтеріліске шығып, зауыттарда жұмыс тоқтап қалды. Осындай қиын кезеңде жылу жүйесін жөндеуге 870 миллион теңге сұрап, сол қаражатты ең алғашқы депутаттық сауалым арқылы алып берген едім. Бұл депутаттық қызметімде нақты шешімін тапқан алғашқы мәселе болды.
Бірақ бір депутаттық сауалым орындалмай қалды. Сол мәселені соңына дейін жеткізе алмағаныма әлі күнге қынжылам. Үкіметті Даниал Ахметов басқарды. Оған дейін ол Павлодар облысының әкімі болған. Ел ішінде ол бастамашы болған өзгерістердің бірі - аудандық денсаулық сақтау бөлімдерін таратып, олардың барлығын облыстық деңгейге өткізу еді. Бұрын ауданға тікелей қарайтын медициналық мекемелер облысқа бағынатын болды. Осы ұсынысын ол бүкіл республикаға тықпалады. Сол тұста мен ауданнан келген адам ретінде бұл шешімге қарсы шықтым. Мысалы, ауылдағы тұрғын аудандық ауруханаға барады. Бірақ аурухана аудан әкіміне бағынбайды. Оның қаржысы облыстан бөлінеді. Аурухананың төбесі құлап қалса немесе шұғыл жөндеу қажет болса, аудан әкімі ештеңе істей алмайды. Ол облысқа өтініш жібереді, облыс арқылы сұраныс жолданады, қаржы бөлінгенше кемінде екі ай уақыт өтіп кетеді. Осындай шұғыл әрекетті қажет ететін жағдайлар аз емес. Ал басқару тетігі түгелімен облысқа кетсе, аудан әкімінің рөлі қайда қалады? Ол өз халқының денсаулығына жауап бере алмайды деген сөз. Көпшілік мені қолдады. Бірақ, өкінішке қарай, Премьер-Министрдің шешімі өтті де кетті. Сол жүйе бүгінге дейін өзгермей келеді. Меніңше, облыс әкімдері бұған мүдделі. Себебі негізгі бюджет аудан арқылы қалыптасады. Денсаулық сақтау мен білім беру саласы арқылы миллиардтаған қаржы жиналады. Егер осының бәрі облыстың қарамағына өтсе, қаржыны иемденетін облыс әкімдері. Сондықтан олар ауданға билік пен қаржыны бергісі келмейді. Керісінше, қазір ауданнан көптеген функция алынып жатыр. Бұл заң мен тәжірибенің арасындағы үлкен қайшылық. Осындай қайшылықтар әлі де бар. Мұны, жоғарыдағы кейбір басшылар түсінбеуі мүмкін. Өйткені олардың көбі ауыл мен ауданда жұмыс істемеген, нақты жағдайды білмейді. Егер меритократия жолымен өсіп, ауылдан бастап аудан, облыс деңгейінде қызмет атқарған азаматтар билікке келсе, мұндай мәселелерді әлдеқайда жақсы түсініп, дұрыс шешім қабылдар еді деп ойлаймын.
– Аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары, сенатор болдыңыз. Осы жауапты қызметтердің қайсысында сын-қатер көп болды?
– Қай деңгейдегі қызмет болсын, әрқайсының өзіне тән сын-қатері, тәуекелі, қиындығы мен жетістігі болды. Қазығұрт ауданында райкомның екінші хатшысы, кейін райисполкомның төрағасы болдым. Сол кезде ауданда суармалы жер мүлде жоқтың қасы еді. Мысалы, «Қызылтаң» колхозында 40 мыңнан астам қой, ірі қара мал фермалары болатын. Бірақ бар-жоғы 40 гектар суармалы жер бар еді. Осы жағдайды ескеріп, Шарбақ су қоймасынан Газалкент каналы арқылы су тарту қолға алынды. Нәтижесінде 5000 гектарға жуық жер суармалы алқапқа айналды. Бұл бұрынғы 40 гектармен салыстырғанда 120 есе артық. Алайда халық та, тіпті шаруашылық басшылары да суармалы жерді қалай пайдалану керегін білмейтін. Сондықтан арнайы «Суармалы жерді пайдалану мектебін» аштырып, халықты теориялық әрі практикалық тұрғыда оқыттық. Бұл жемісін берді. Ең қиын сәттердің бірі – Созақ ауданындағы қызметім болды. Ол жаққа 1994 жылы қаңтарда бардым. Сол жылы қар қалың жауды, қыс ерте түсті, аяз өте қатты болды. Қараша айында жауған қардан Бетпақдалада жүрген мал жаурап, қырыла бастады. Малға жем-шөп жетпей, өліп жатты. Бұрын Созаққа бүкіл облыс болып мал азығын дайындайтын. Бірақ ол кезде жағдай өзгерген. Совхоздар тарап, жекешелендіру басталған. Әркім өз күнін өзі көріп жатқан шақ. Барсам, аудандағы бес совхозда шөп жоқтың қасы. Қалғандарында бар болғанымен, 10-15 күнге ғана жететін. Ал көктемге дейін әлі екі жарым ай уақыт бар. Малға ғана емес, халыққа да қиын болды. Ас-ауқат тапшы, ұн жоқ. Бұрын қыста асу жабылып қалатындықтан, «Райпотребсоюз» мекемесі жаздан бастап қоймаларды ұн, азық-түлікпен толтыратын. Ал сол кезде бұл жүйе де күйреп қалған. Жанар-жағармай жоқ, қыс ортасында отынсыз қалған жұрт қатты қиналды. Амал жоқ, Президентке, Үкіметке де телеграмма жіберіп арнайы үкіметке барып көмек сұрадым. Сөйтіп ауданда төтенше жағдай жариялаттым. Шұғыл комиссия жасақталып, республикалық штаб құрылды. Сөйтіп мал азығын бес облыстан жеткізу ұйымдастырылды. Соның арқасында малдың біразын аман сақтап қалдық. Әрине, қырылғаны да болды, бірақ жұрттың еңсесін түсірмей, қиын қыстан алып шықтық.
Ал, Созақ ауданы – пайдалы қазбаларға бай өңір. Әсіресе уран қоры мол, тіпті республикадағы уранның 90 пайызы осы өңірде шоғырланған. Бірақ жергілікті ел өндірілген уранның титтей де игілігін көрмей келді. Игілігін сырттан келгендер көретін. Өндірісті түгелдей дерлік солар басқарып отыр. Мамандарын да өздері сырттан әкеледі. Бізден кадр алыңдар десек, «жергілікті маман жоқ» дегенді алға тартады. Ең болмағанда көмекші қызметке алсын, бір жыл тәжірибеден өткен соң жергілікті жастардан да білікті мамандар шығады ғой десек, оған да құлық танытпайды. Бұл жағдайдың түп-төркіні Кеңес дәуірінде жатыр. Ол кезде уран өндірісі жергілікті басқаруға бағынбаған, тек Мәскеудің тікелей бақылауында болған. Бүгінгі күнге дейін сол жүйенің сарқыншағындай жергілікті органдармен санасқысы келмейді. Өндірісті біздің жерімізде жүргізіп отырса да, ауданның мүддесіне назар аудармайды, ақылдаспайды, тіпті салық та төлемейді. Ал уран өндірісінің зардабы аз емес. Радиоактивті сәуле тарайды, жер асты сулары күкірт қышқылымен улануы мүмкін. Технологиясы да қауіпті. Қышқылы жан-жаққа тарап, құдықтарды бүлдіреді, жер асты суларын ластайды. Сол суды мал да, адам да ішеді.Заңға салсақ, құдықтарды жылда тексеріп отыру қажет.Алайда кәсіпорынның ешқайсысы оны орындамайды. Ақыры біз оларды міндеттеп, тексеру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр еттік. Сондай-ақ әлеуметтік салық, табыс салығы сынды төлемдердің аудан бюджетіне түсуі үшін үкімет пен республика басшылығына дейін барып жүрдім. Нәтижесінде Созақ ауданының бюджеті бірнеше есе өсіп, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін деңгейге жетті. Созақ ауданы облыстық бюджетке қаржы құятын негізгі өңірлердің қатарына қосылды. Кейін аудандағы басқа да пайдалы қазбалар игеріле бастады.
Отырар ауданына әкім болып барғанда да осындай мәселеге тап болдым. «Созақ уран арқылы дамып жатыр, біз де сол жолмен жүруіміз керек» деген бұрынғы басшылық 1992 жылы жабылып қалған уран өндірісін қайта ашуға ұмтылды. Үзілді-кесілді қарсы болдым. Өйткені Отырар туризмді дамытуға әлеуеті зор тарихи өңір. Экономиканы ураннан емес, туризмнен дамыту қажет деп есептедім. Егер уран өндірісі қайта іске қосылса, ауыр жүк көліктері Шәуілдірдің қақ ортасынан уран тасып өтеді. Елді мекен үшін үлкен қауіп. Бұл мәселе ақыры жоғары деңгейге дейін жетіп, екі елдің президенттері араласуға мәжбүр болды. Мәселенің түйіні жаңадан ашылған «Заречный» уран кәсіпорнында еді. Оның 40 пайызы Қазақстанға, 40 пайызы Ресейге, ал 20 пайызы Қырғызстанға тиесілі болатын. Жоғары жаққа «аудан әкімі қарсы болып жатыр» деген әңгіме жетіпті. Содан Үкімет комиссия құрып, вице-министр келіп жағдайды сұрастырды.Облыс әкімі де мені қолдады. Қызметіме кесірі тиетінін білсем де, туған жерімнің қақ ортасында уран өндірісінің дамуына жол бергім келмеді. Ақыры менің ұсынысым ескеріліп, мәселе орта жолдан шешілді. Уранды Шәуілдірдің ішінен өткізбей, Сырдарияның арғы бетімен таситын жаңа жол мен көпір салдырттық. 40 шақырымдық тасжол мен көпір тұрғызылып, уран сол бағытпен шығарылатын болды. Осылайша Шәуілдірдің ортасын сақтап қалдық.
Ал Сайрам ауданына алғаш барғанымда, өзімді Өзбекстанға кіргендей сезіндім. Тұрғындардың барлығы дерлік өзбек тілінде сөйлейтін. Бұл жағдайға бірден назар аудардым. Әрине, өзбек ағайындардың қарсылық танытарын білдім, бірақ «бұл болмайды» деп ашық айттым. Өйткені біз Қазақстанның жерінде өмір сүріп отырмыз, сондықтан мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруға тиіс. Сол жылдары Сайрамда Өзбекстанның тәуелсіздік күнін жылда атап өту бұрыннан қалыптасқан дәстүр екен. Бірақ оны тоқтаттым. Ауданда 150 мектеп бар екен, соның 47-сі өзбек мектебі. Балалар Өзбекстанның географиясын, тарихын оқып жүр. Арифметикадан бастап геометрияға дейінгі есептердің мысалдары түгелдей Өзбекстанға қатысты. Ботаника мен зоология сабақтарында да Қазақстанның табиғаты емес, Өзбекстан аумағындағы өсімдіктер мен жануарлар оқытылады екен. Мұны көргенде төбе шашым тік тұрды. Бұл жағдайды сол кездегі Білім және ғылым министрі мен облыс әкіміне де айттым. Шешу жолын ұсындым. Озат, білімді қазақ,өзбек мектеп мұғалімдерін жинап, қазақ тіліндегі оқулықтарды өзбек тіліне аударып, өзбек мектептеріне тиісті оқулықтар шығаруды ұйымдастырдық. Министр келісімін берді. Соның нәтижесінде, келесі оқу жылынан бастап Сайрамдағы өзбек мектептері Қазақстанның оқу бағдарламасымен білім ала бастады. Арыс ауданында да жағдай өзгеше болды. Бөген ауданы мен Арыс қаласын біріктіріп, бір аудан құрған еді. Бұл оңай шаруа болмады.
– Ал енді сенатор кезіңізде көтерген сауалыңызға қарсы шыққан немесе жоғарыдан қысым жасаған жағдай болды ма?
– Иә, ондай қысымдар болды. Кейбір жағдайларда келісесіз, кейбірінде келіспейсіз. Мәселен, Премьер-министрдің есебі тыңдалатын кезде Үкіметтің Парламенттегі өкілдері арнайы келіп «Осы мәселеде қатты сұрақ қоймаңыз, қарсы пікір білдірмей-ақ қойыңыз» деп өтініш жасайтын. Бірде келісесіз, бірде келіспейсіз. Бірақ принципті мәселелерде ымыраға бармадым.
– Сол принципті мәселелердің бірі – Жер туралы заң еді. Сіз оған қарсы дауыс бергендердің қатарында болдыңыз. Жалпы қандай қысым болды?
– «Қабылдайсың, қол көтересің» дейді ғой баяғы. Бірақ мен ол кезде қарсы сөйледім. Өйткені Үкімет кейде ойланбай шешім қабылдап жүрді. 2014–2015 жылдары мұнай бағасы күрт төмендеп, баррелі 27–29 долларға дейін түсіп кетті. Салдарынан бюджетке түсетін кіріс азайды. Содан Үкімет «Жерді арендаға беруді тоқтатып, сатып жіберейік. Бір жылдың ішінде 100 миллиард доллар табыс түседі» деп Президентке ұсыныс жасаған. Жерді шексіз сата алмайсың ғой. Оның үстіне жерді ақшасы барлар мен шетелдіктер алады. Қарапайым шаруа жерсіз қалады. Мәжіліс заңды қабылдап жіберді, ал Сенатқа келген соң қызу пікірталас болды. Бірақ әдетте «Президент келісімін берген» десе болды, соған сүйеніп шешім қабылданатын. Қарсы шығу мүмкін емес сияқты көрінетін. Соған қарамастан талқылау барысында өз көзқарасымды ашық айттым, қарсы дауыс бердім. Бірақ көпшіліктің дауысымен заң қабылданып кетті. Зейнетақы мәселесінде де дәл солай болды. Әйелдердің зейнет жасын 58-ден 63-ке көтеру туралы заң қаралды. Дәл сол тұста Шымкенттен маған 153 әйел қол қойған хат келді. Өзім де қарсы едім, бірақ сол хат сенімімді тіпті күшейтті. Нәтижесінде бұл заңға да қарсы дауыс бердім. Менімен бірге Светлана Жалмағанбетова мен Ғани Қасымов қана қарсы болды. Қалғандары қолдап жіберді. Заң қабылданып кетті. Кейін Президентке жеткенше, заң туралы хабар тарап, елдің түкпір-түкпірінде халық наразылығы күшейді. Жер мәселесіне байланысты елде үлкен толқу болды. Содан Президент заңға қол қоймай, оны тоқтатып тастады. Зейнетақы реформасын 2018 жылдан бастап енгізетін қылды. Ал әлгі жер туралы заң бойынша Президент 2016 жылы арнайы комиссия құрды. Құрамына 75 адам енді, мен де солардың қатарында болдым. Кейін біз 7-8 облысты аралап, халықпен кездесіп, пікір алмасып, үлкен жиындар өткіздік. Соның нәтижесінде заң қабылданбай, оған мораторий жарияланды.
Бір жылы үшемді дүниеге әкелген аналарға мемлекет тарапынан тегін үй беруді ұсындым. Себебі, үшемді көтергендердің көбі жас отбасылар. Ал олардың басым бөлігінде баспана да, тұрақты жұмыс та жоқ. Арнайы зерттеу де жүргіздім. Сөйтсем елімізде соңғы 3-4 жылда жылына бар-жоғы 25-40 үшем туады екен. Есептеп қарасам, әрқайсысына шамамен 40 мың доллардың пәтерін берсе, барлығы жарты миллиардтан аспайды. Бұл мемлекет бюджеті үшін аса ауыр салмақ емес еді.Осы ұсынысты Премьер-министрге жеткіздім. Кейін Алматыдан бір келіншектің хаты келді. «Үшем дүниеге әкелген анамын. Сіз көтерген мәселені естідім. Пәтерім жоқ, қайда жазсам болады?»депті. Оның хатын Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдадым. Кейін ол Алматы әкімі Ахметжан Есімовке жіберіпті. Бір айдан соң «Мұндай мәселе заңда қаралмаған. Қаржы қарастырылмаған» деп Үкіметтен жауап келді. Содан қайтадан «Жылына 150-250 миллиард теңгеге дейін қаржы талан-таражға түсіп, игерілмей қалады. Сонда үшем туған бір отбасыға 1 миллиард таба алмай отырмыз ба?» деп мәселе көтердім. Алайда бұл бастамам түбінде шешімін таппай қалды. Дегенмен, кейін Есімовтен арнайы жауап келді. Онда әлгі келіншекке үш бөлмелі пәтер беріліпті. «Өз есебімізден бердік. Себебі заңда ондай мүмкіндік жоқ» деп жазыпты. Әлі күнге Үкіметке өкпелімін. Мемлекет заң қабылдап, мұны ресми түрде бекітіп, жүйелі түрде қолдау көрсетуге шамасы келмеді. Кімнің жемқорлықпен айналысып, кімнің қаржыны талан-таражға салып жатқанын бәріміз білеміз. Кез келген облыста кем дегенде 10 миллиард теңге желінетіні жасырын емес. Сол қаржыны қысқартудың есебінен-ақ үшем көтерген аналарға үй беруге толық мүмкіндік бар еді. Бірақ өкінішке қарай, бұл бастама аяқсыз қалды.
– Кейде жоғарыдан түскен тапсырма халықтың мүддесімен үндеспей қалғанда, кімнің мүддесіне көбірек жығылдыңыз?
– Менің жұмыс істеу стилім әрқашан халықпен ақылдасуға негізделді. Қай ауданға барсам да, депутат болған кезде де ең алдымен халықтың пікірін тыңдадым. Себебі халық - дана. Олар әр нәрсені жан-жақты ой елегінен өткізеді. Әрине, арасында теріс пікір айтатындар да болады, бірақ көпшілік ортақ ойды білдіреді. Сол ортақ пікірге құлақ ассаңыз, бұл дұрыс бағыт-бағдар көрсететін шамшырақ секілді. Халықтың сөзіне сүйеніп жұмыс істесеңіз, қателеспейсіз. Кейде қолыңнан келмей қалған дүниелер де болады. Ондай жағдайда да халық түсінеді, өйткені мәселенің көбі қаржыға тіреледі, ал бұл біздің қалтамызда емес. Әрқашан халықтың жағында болдым. Әрине, жоғарыдан тапсырмалар көп келеді. Олардың да айтқанын орындауға тырыстық. Бірақ тапсырма халықтың пікіріне қайшы келіп жатса, міндетті түрде халықпен ақылдасып, ортақ ұсынысты жоғарыға жеткіздім.
– Сіздің өмір жолыңыз бір романға сұранып тұр екен, аға. «Егері» бар өкінішіңіз мен өмірдегі ең үлкен қуанышыңыз қандай?
– Ең үлкен қуанышым – еліміздің Тәуелсіздігін қабылдау сәті болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің депутаты едім. Сол күні Тәуелсіздік мәселесін ұзақ талқылап, кешкі сағат 18:15 өткенде тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің қаулысы оқылды. Сол сәтте бәріміз орнымыздан тұрып қол соқтық. Сол бір толқыған сәтті сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қуаныштан көзімізге жас келді. Өзім орамалымды алып көзімнің жасын сүртіп жатқанда ұялып жан-жағыма қарасам, бүкіл әріптесім дәл солай көз жасын сүртіп тұр екен. Бұл нағыз қуаныштың көз жасы еді. Екінші бір ерекше бақытты сәтім – тұңғыш немеремнің дүниеге келуі. 1996 жылы алғаш немеремді қолыма алғанымда төбем көкке жеткендей қатты қуанғанымды әлі күнге дейін ұмытпаймын.
Ал ең үлкен өкінішім, тұңғыш перзентімнен айырылған сәтім. Ол кезде Бәйдібек ауданында совхозда бас маман болып жұмыс істеп жүргенмін. Әйелім екеуіміз бір чемоданмен келіп, совхоздан төсек-орын жаздырып алғанбыз. Үлкен бір бөлмеде тұрдық. Бөлме салқын болған соң әрі тамақ пісіруге, әрі бөлмені жылытуға электр плитасын алдырдық. Тұңғыш қызымыз Гүлжан сонда небәрі сегіз-тоғыз айлық еді. Бір түні түсімде біреу маңдайымнан пышақпен осып жібергендей болды. Өзім көп нәрсеге сенбейтін едім. Сол пышақ қақ маңдайыма кірді. Шошып ояндым. Түнгі сағат төрттің кезі екен. Әйелім бесіктің қасында, төменде ұйықтап қалған. Барлығы тым-тырыс. Қызымның бетін ашып қарасам, аузынан көбік ағып жатыр. Денесін ұстасам, мұздап қалыпты. Сөйтсек, жаңа алған плитаның беті майланып тұрған екен. Ыдыс қоятын жерін жұбайым электрге қосып кептіргенде, иісі шығып, бөлмеге тараған. Қызымыз соған уланып шетінеп кетіпті. Осы менің өмірімдегі ең ауыр соққы, ең үлкен өкініш. Сол бір қайғы әлі күнге дейін өзегімді өртейді.
– Аға, бүгінгі қоғам егемендіктің қадірін қаншалықты бағалап жүр?
– Егер халықты бір үлкен механизмге теңесек, жай болса да, бірте-бірте алға ілгерілеп келеміз. Дегенмен бұдан да жоғары деңгейде дамуымызға болар еді. Мысалы, кезінде өте жоғары деңгейде дамыған ауыл шаруашылығымызды өз қолымызбен жойып алдық. Бұл жекешелендіру процесіне байланысты болды. Бір зауыттың бағасы миллиондаған теңге тұрса, соны халыққа бөліп беріп «сенің үлесің бар, ертең осы жерден табыс аласың» деді. Бірақ артынан халық ештеңе көрген жоқ. Керісінше, сол үлестерді жинап алып, санаулы адамдар ғана иемденді. Халық алданып қалды, ал қор деген атаумен құрылған құрылымдардың соңы сиырқұймышақтанып кетті. Ауыл шаруашылығында да жағдай осылай өрбіді. Президент жылда «Қанша совхоз жекешелендірдіңдер? Қанша шаруа қожалығын құрдыңдар?» деп қатаң талап қоятын. Жиналыста артта қалған облыстың бір-екі аудан әкімі орнынан босатылатын. «Қызыл директорларды биліктен алыстату керек» деген сөздер жиі айтылды. Республикадағы 200 мың шаруа қожалығының 70 мыңы біздің облыста болды. Әсіресе суармалы жерлердің ұсақталуы үлкен қателік еді. Сондықтан бүгінгі өніміміз әлі Кеңес дәуіріндегі межеге жете алмай отыр.
Содан кейінгі ең үлкен кемшілігіміздің бірі «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген ұстанымға қатты беріліп, сол бағытпен жүріп кеткеніміз. Салдарынан саяси реформалар ұзақ уақыт тоқырап қалды. Тағы бір үлкен кемшілік, идеология саласының ақсауы болды. Себебі қоғамның санасын қалыптастыратын да, ұрпақты тәрбиелейтін де идеология. Отыз жылдан астам уақыт өтсе де, қазақ қоғамында әлі күнге дейін бір-бірімен орысша сөйлесетін жағдай жиі кездеседі. Осындай сәттерде адамның жүрегіне ащы өкініш ұялайды. Бесік пен батыр жырын айтатын ата-әже, ата-ана қалмады. Тәрбиенің орнына түрлі телешоулар басты орынға шықты. Халық әндерін, дәстүрлі жырларды насихаттау орнына арналардың көбісі шоу-бизнеске бет бұрды. Идеология саласында жіберілген осы олқылықтарды жоймайынша, қоғамды дұрыс арнаға бұру қиын.
– «Кітап оқу – менің хоббиім» депсіз. Өміріңізге ерекше ықпал еткен қандай шығарма?
– Кітапты көп оқимыз ғой, бірақ мен үшін ең негізгі кітап «Абай жолы». Осы шығарманы бес-алты рет қайталап оқыдым. Соңғы рет Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай тағы бір мәрте бастан-аяқ оқып шықтым. Әр оқыған сайын жаңа бір ой, жаңа бір ғибрат аласың. Мен адамдарды «Абайды оқығандар» және «Абайды оқымағандар» деп бөлемін.
– Аға, егер уақытты кері қайтаруға мүмкіндік болса, осы өміріңізді тағы да билікке, саясатқа арнар ма едіңіз?
– Қазір ойлап отырсам, өмірімнің алпыс жылға жуығын мемлекеттік қызметке арнаппын. Ал менен кейін жұмыс істегендердің көбі жеке бизнеске бет бұрып кетті. Кеңес Одағы тарағанға дейін партия қызметінде жүрген біз мемлекеттік қызметте қалып қойдық. Ал ілінбей қалғандар сол кезде кәсіпке ауысты. Қазір олардың жеке кәсіпорындары, фирмалары, демалыс орындары бар. Кейде соған қарап «Мен неге кетіп қалмадым?» деп ойлаймын. Егер сол кезде бизнеске бет бұрсам, бәлкім, мен де бүгінде ауқатты болар ма едім деген ой келеді.
– Елдің игілігі үшін атқарған еңбегіңіздің өзі – үлкен байлық қой.
– Әрине, бұл рас. Оны жоққа шығара алмаймын. Халыққа қызмет еткен жылдарым – ең басты байлығым.
– Қазір Сізді ең көп толғандыратын мәселе қандай?
– Толғандыратын дүние көп. Бірақ олардың бәрін айта берсек, ұзаққа кетеміз. Негізгісі, екі мәселе. Біріншісі, демографиялық өсім. 1991 жылы алғаш рет Қытайға барғанымда қытайлықтар «Қазақстанда қанша халық бар?» деп сұрады. «Он жеті миллиондай» дедім. Сонда олар әзілдеп «Ой, сендер бір-біріңді танитын шығарсыңдар» деді. Ал ол уақытта Қытайдың бір жылдық халық өсімі 31 миллион еді. Бұл біздің бүкіл халықтан да көп. Сондықтан осындай ұлан-ғайыр жерге ие болу үшін халық саны көп болуы қажет. Әрине, тарихта түрлі ауыр кезеңдер өтті. Ашаршылық, қуғын-сүргін, қолдан жасалған зұлмат қазақ халқының санын күрт азайтты. Бірақ соның зардабынан әлі күнге толық айыға алмай келеміз. Бізде бір жаман қасиет бар - көре алмаушылық,іштарлық. Мысалға 1925 жылы Қазақ автономиялық республикасының астанасы Қызылордаға көшірілді. Сол кезде Сұлтанбек Қожанов Орталық Комитеттің екінші хатшысы еді. Қазақтың «киргиз» деген атын «қазақ» деп өзгертуге бастамашы болып, астананы Ақмешітке көшіруге ықпал етті. Казкрайкомның бірінші хатшысы Ненашвили деген грузин сегіз айға жуық науқастанды. Барлық жағынан Сұлтанбек Қожановты бірінші хатшылыққа сайлаудың реті келіп тұр еді. Бірақ көре алмаушылар Сталинге хат жазып, үстінен жала жапты. Ақыры Мәскеу Қожановты қызметінен алып, орнына Голощёкинді жіберді. Сол Голощёкин «Кіші Октябрьді» ұйымдастырды, қолдан ашаршылық жасады. Үш миллионнан астам қазақ қырылды. Егер Голощёкиннің орнына Қожанов бірінші хатшы болып қалғанда, сол қасіреттің алдын алуға болар ма еді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, сол кездегі көре алмаушылықтың мысалы қазір де бар. Білімі бар, біліктілігі жеткен адам белгілі бір қызметке бармақ болса, артынан арыз жазылады. Соның кесірінен ол жолы болмай, орнына қабілеті орташа біреу барады. Ондай адам қоғамды алға сүйрей алмайды, тек уақыт ұттырады.
Екіншісі, жемқорлық.Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда сыбайлас жемқорлық өршіп, осы әдет күнделікті тұрмыстың заңдылығындай қалыптасып кетті. Бүгінде жас баладан қарияға дейін «парасыз іс бітпейді» деген түсінікке бой үйреткен. Қоғамда қызғаншақтық пен көре алмаушылық та осы індеттің көлеңкесінде өршіп отыр. Мұндай жағдайда елдің алға басуы, дамуы қиын.
– Аға, осы өңірдің тумасы ретінде Шымкенттің даму қарқынына қандай баға бересіз?
– Астана тұрамын, бірақ Шымкентке де жиі келемін. Шаһар соңғы жылдары едәуір дамыды. Десе де әкімшілік орталықты Түркістанға көшіруде кейбір қисынсыздық болды. Шымкентті орталық ретінде қалдырып, Түркістанды дербес қала етіп бөлу әлдеқайда дұрыс шешім болар ма еді. Өйткені Шымкент – өңірдің нағыз орталығы. Қазір Жетісайдан бастап Түлкібасқа дейінгі жұрттың бәрі жұмыс бабымен Түркістанға ағылуға мәжбүр. Бұл халыққа белгілі бір қиындық туғызып отыр. Дегенмен Шымкентті облыстан бөліп алудың өзі де оң шешім дер едім. Ал қала мегаполис мәртебесін алғаннан бері қарыштап дамып жатыр. Әсіресе қазіргі әкім жастығына қарамастан қолынан келгенше қаланы дамытып, халықтың жағдайын жақсартуға күш салып жүр. Ендігі жерде халық әкімнің артын қазбай, оның әр ісін қолдап, оның бастамаларына жанашырлықпен қарауы қажет. Себебі мұндай үлкен қаланы дамыту әкімнің жалғыз қолынан келмейді.
Бүгінде Президентіміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын алға тартып отыр. Өкінішке қарай, жергілікті жерлерде әлі де формализм басым. Кейбір басшылар халықтың үніне құлақ аспай, үстірт қарап, «бәрі жақсы» деген көрініс жасауға тырысады. Бұл дұрыс емес. Сосын шаһарда жылына кемінде бір миллион ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырсақ, қала жасыл желекке оранып, ауасы таза, өмір сүруге жайлы шаһарға айналар еді.
– Жұрт Сізді еңбекқор әрі тік мінезді деп бағалайды. Ал өзіңізді үш сөзбен қалай сипаттап берер едіңіз?
– Қай жерде қызмет атқарсам да, «Халық – қазы, халық – төреші» дегенді әрқашан жадымда ұстаймын. Сондықтан өзімді халықтың қызметшісі деп білемін. Ел үшін пайдалы істің бәрін атқару мен үшін мызғымас тәртіп.Ал жеке қасиеттеріме келсем, ең алдымен әділ болу керек. Әділдікпен бірге адалдық пен тазалықты серік ету кез келген басшының қастерлі парызы. Ал мінезіме келсек, талапшылмын. Кейде ол қаталдық болып көрінуі мүмкін. Бірақ қаталдық пен талап қою – екі бөлек нәрсе. Талап адамға шамасы жететін деңгейде қойылуы керек. Егер орындалмайтын деңгейде талап қойылса, бұл әділетсіздікке айналады. Сондықтан өзімді ең алдымен әділ, адал және талапшыл адаммын деп сипаттаймын.
– Халық арасында қазіргі реформаларға күмәнмен қарап, «айтылды да, сол күйінде қалды» деген пікірлер жиі айтылады. Сіз қалай ойлайсыз?
– Жоқ, айтылған дүниелер жүзеге асып жатыр. Дегенмен, экономикалық салада берілген тапсырмалардың толық орындалмай отырғаны рас. Бұл жерде ең басты мәселе, кейбір кадрлардың әлі де баяғы ескі жүйеден ажырай алмай, өзгерістерге қарсы тұруы. Президенттің бастамаларын тежегісі келетін лоббистік топтар да жоқ емес. Оның үстіне кез келген өзгерісті бірден жасай салу қауіпті. Сондықтан реформалар біртіндеп, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Мәселен, қазір Парламенттік республика идеясы көтеріліп жатыр. Бұл қоғам дайын болған кезде, нақты уақытында жүзеге асатын қадам. Өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевты жақсы білемін. Он жыл бірге жұмыс істедік. Ол кісі терең ойлай білетін,проблемаларды талдай білетін, болашақты болжай білетін, тиімді бастамаларды қолдай білетін саясаткер. Кішіпейілдігі мен қарапайымдылығы ерекше. Қызметпен барғанда еркін пікір білдіруге болады. Сондықтан мен әрқашан оның реформаларының түбі жемісін береріне сенем.
– Күні кешегі Жолдаудан қандай үміт күтеміз? Парламентті көрген адам ретінде бұл шешімге көзқарасыңыз қандай?
Көптен бері «Сенаттың қажеті жоқ, бір палаталы Парламент жеткілікті» деген пікір айтылып келді. 2005 жылы Сенатқа депутат болып барғанымда да осы мәселе қозғалған. Бірақ ол кезеңде қоғам мұндай өзгерістерге дайын емес еді. Президент кеше Жолдауында бұл ойды орынды жеткізді. Себебі бұған дейін ел белгілі бір даму сатысынан өтуі керек болды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, парламенттік республикаға өту үшін партиялық жүйе берік болуға тиіс. Бұл шешім асығыстықпен қабылданбайды, алдымен бүкілхалықтық талқылаудан өтеді.
Меніңше, депутаттардың барлығын партиялық тізіммен сайлау дұрыс емес. Парламенттің тең жартысы партиялық жүйемен, ал қалған бөлігі мажоритарлық округтер арқылы сайланғаны әділ болар еді. Мәселен, 200 депутаттың 100-ін партиялар ұсынса, қалған 100-ін халық тікелей сайлауы қажет. Сонда әрбір ауылдың, аудан мен қаланың мүддесін жеткізетін өкілдері де болады. Сөйтіп қоғам толық дайын болған кезде ғана 100 пайыз партиялық жүйеге өткен дұрыс. Егер бәрін бірден партияға бере беретін болсақ, кейбір елді мекендердегі, ауылдар мен аудандардағы мәселелер Парламентте ескерілмей қалуы мүмкін.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Жадыра МҮСІЛІМ