Шымсити шағынауданында "Отбасы банктің" жаңа консультациялық орталығы ашылды. "Отбасы банк” АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев жаңа орталықтың тұсауын кесіп, жұмысына сәттілік тіледі.
Орталықтың басты мақсаты – қала тұрғындарына баспаналы болудың тиімді жолдарын көрсетіп, тұрғын үй бағдарламалары жөнінде толыққанды ақпарат беру.
– Осы шағынаудан тұрғындары және осы аумақтағы банк салымшыларына ыңғайлы ету мақсатында кезекті орталықты аштық. Қазіргі уақытта қаланың шағынаудандарында, сауда орталықтарында кеңес беру бөлімдері жұмыс істейді. Тұрғындар осы кеңесшілерге келіп түрлі бағдарламалар бойынша толық мәлімет ала алады. Біз әрбір азаматтың өз шаңырағына ие болуына жағдай жасай береміз, - деді Е.Ахыншаев.
Жаңа консультациялық орталықтар халықтың баспаналы болуына мүмкіндік беріп, түрлі бағдарламалар жөнінде ақпараттандырады. Бүгін қаладағы 16-шы кеңес беру орталығы жұмысын бастады. Жыл соңына дейін оның санын 20-ға дейін жеткізу жоспарда тұр.
«Шымкент келбеті»