«MIRAS» халықаралық форумында ұлттық киімдер дефилесі өтті

«MIRAS» халықаралық форумында ұлттық киімдер дефилесі өтті

Шымкент қаласында өткен Халықаралық «MIRAS» түркі сәндік этнодизайнерлер форумы Көрме орталығында дефилемен жалғасты. Оған Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен бөлек, еліміздің Алматы, Астана және Қызылорда қаласынан келген 10-ға жуық сән үйі өздері тіккен брендтік киім үлгілерін шығарды. Олардың барлығы да замануи үлгімен үйлестіріліп тігілген. Сәндік топтамалар бірнеше аталым бойынша көпшілікке ұсынылды. Жұртшылық әр елдің ұлттық киімдерін күнделікті жұмысқа ыңғайлы және кешкілік жиындарға арналған нұсқасын тамашалады. Көрерменнің ерекше назарына іліккен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дизайн және технологиялар білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистры, Мәдениет саласының үздігі дизайнер Айдана Әлайдарованың топтамасы болды.

- Бүгінгі шараға «Алшы асық» атты коллекциямды әкелдім. Топтамада жеті дизайнерлік киім бар. Ең ерекше элемент – асықтың түйме орнына қолданылуы. Қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген жақсы тілек бар. Бұл – жолы болғыштық пен жеңістің нышаны. Сол мағынаны негізге ала отырып, қазақ қыздарының жолы әрқашан ашық болсын деген ниетпен асық элементтерін киімдерге үйлестіріп енгіздім,- дейді Айдана Әлайдарова.

Форум екі күн бойы түрлі іс-шаралармен жалғасын таппақ. Айта кету керек, сенбі яғни, 22 қараша күні «Қызғалдақ» сарайында қолөнер шеберлері мен этнодизайнерлер арнайы шеберлік сағаттарын өткізіп, көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырады. Көрмеде сатып алушылар үшін де арнайы орын дайындалмақ. Ал, форум қорытындысы түркі мәдениетінің амбассадоры саналатын «TURAN» ансамблінің концерттік бағдарламасымен аяқталмақ.

«Шымкент келбеті»