​«МЕН ДОНОРМЫН»: ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫ ИГІ ІСКЕ ҮН ҚОСТЫ

​«МЕН ДОНОРМЫН»: ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫ ИГІ ІСКЕ ҮН ҚОСТЫ

Шымкентте «Мен донормын» атты қайырымдылық акциясы өтті. Қан тапсыруды насихаттауға бағытталған бұл шараға 50-ден астам ерікті жас қатысып, Қалалық қан орталығына жиналды.

Игі істі ұйымдастыруға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мұрындық болды. Акцияның басты мақсаты – жастар арасында донорлық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарудың маңызын түсіндіру.

Қан тапсыру – тек медициналық емес, адамгершілік тұрғыдан да жауапты іс. Бір адамның берген қаны екінші бір жанның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Қан тапсыру процесі қатаң медициналық бақылау арқылы жүргізілді. Алдымен донорлар арнайы тексеруден өтіп, қан қысымы, гемоглобин деңгейі және жалпы денсаулық жағдайы зертханалық жолмен анықталды. Барлық талаптарға сай келген жастар өз қандарын тапсырып, өзгеге өмір сыйлау мүмкіндігіне ие болды.

Қалалық қан орталығының донорлармен толықтыру бөлімшесі меңгерушісі Ербол Тастанов донор болудың тек қоғам үшін ғана емес, адамның өз денсаулығы үшін де пайдалы екенін атап өтті.

– Орталығымыз 43 мекемені қан және қан компоненттерімен қамтамасыз етіп отыр. Бізге күніне 100-ден аса донор келеді. Тұрақты келіп тапсырып тұратын донорларымыз да бар. Қан тапсыру – бұл адам ағзасына белгілі бір дәрежеде физиологиялық сергітуші әсер береді. Әр 3–4 ай сайын қан өткізген адамның қан айналым жүйесі жаңарып, сүйек кемігі жаңа қан жасушаларын белсенді түрде өндіре бастайды. Бұл иммундық жүйені күшейтіп, ағзаны жасартуға ықпал ететін табиғи процесс, - дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, үнемі қан тапсырып тұратын адамдарда жүрек-қан тамыр аурулары мен тромб түзілу қаупі төмендейді. Сондай-ақ қандағы темір деңгейі теңестіріліп, зат алмасу үдерісі жақсарады.

– Көпшілік қан тапсыруды тек көмек көрсету ретінде қабылдайды, бірақ бұл – өз денсаулығын тексерудің де тамаша мүмкіндігі. Донор әр жолы қан тапсырмас бұрын толық медициналық тексеруден өтеді. Осы арқылы адам өз денсаулығының жай-күйін бақылап отыра алады, - дейді Ербол Оразбайұлы.

Қан орталығына келген жастардың белсенділігі мен ынтасы ерекше болды. Таңертеңнен-ақ орталық алдында ұзын-сонар кезек түзілді. Көпшілігі алғашқы рет қан тапсырып тұрғандарын айтса да, жүздерінен қорқыныш емес, жауапкершілік пен мақтаныш сезімі байқалды. Әрбірі бұл істің қоғамға тигізер пайдасын түсініп, өзгелерге үлгі болуға дайын екенін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жоғары белсенділік жастардың әлеуметтік жауапкершілігінің артқанын дәлелдейді.

– Донор болу – өзіңді өзгеге арнау. Мен алғаш рет қан тапсырып тұрмын, сәл қобалжу болды, бірақ адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосатыныма өзіме риза болып тұрмын. Алда жастарды осындай шараларға белсенділік танытуға үндеймін, - дейді акцияға қатысқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің 4-курс студенті Арлен Тілеуов.

Ал Шымкент университетінің студенті Самат Керім де қан тапсыруды өз еркімен ұйғарған.

Жастар ресурстық орталығының мамандары шараны тұрақты түрде ұйымдастырып тұрады. Өйткені донорлық – тек денсаулықты сақтау ғана емес, қоғамға пайдалы болуға ұмтылу.

«Шымкент келбеті»