Шымкент қаласында өткен «Қанатты қазына» шығармашылық концерті ұлттық би өнерінің көркемдік қуатын, хореографиядағы үздік дәстүр мен кәсіби шеберліктің тұтастығын тағы бір мәрте дәлелдеді. «Шымкент концерт» концерттік ұйымына қарасты «Қазына» халық би ансамблі көрерменге жаңа серпінге толы, мазмұны бай бағдарламасын ұсынып, қазақ би өнерінің ғана емес, әр түрлі ұлттың өзіне тән болмысын би арқылы суреттеді.
35 жылдан астам тарихы бар «Қазына» ансамблі - еліміздің мәдениет кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, халықаралық аренада кеңінен танылған шығармашылық ұжым. Ансамбль өнерпаздары 52-ден аса ірі халықаралық байқауға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сонымен қатар 50-ден астам елде мәдени іссапарда болып, Қазақстан атынан ұлттық би өнерін таныстырып жүр. Ел ішіндегі және әлемдік деңгейдегі осы жетістіктер ұжымның кәсіби деңгейінің жоғары екенін айқын көрсетеді.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, бас балетмейстер Зауре Әжібекова. Ал ұжымның ұйымдастырушылық жұмыстарын бүгінде тәжірибелі администратор Ли Роман басқарады.
Концертке келген көрермен алдымен фойеде ұйымдастырылған тарихи фотокөрмені тамашалады. Онда ансамбльдің әр жылдардағы елеулі сәттері, халықаралық сапарлары мен шығармашылық белестері көрініс тапқан.
Би кеші мазмұны мен құрылымы жағынан ерекше кең қамтылды. Үш бөлімнен тұратын бағдарлама қазақ халқының төл би дәстүрінен бастап, түрлі этностардың ұлттық билері мен қазіргі заман эстрадалық хореографиясына дейінгі кең өрісті қамтыды. Әр бөлімде бишілердің кәсіби шеберлігі, сахналық мәдениеті, қойылымдардың көркемдік нақышы көрерменді тәнті етті.
Кеш барысында сахна көркін «Шымкент концерт» ұйымының әртістері одан сайын арттыра түсті. «Қаған» және «Қаратау» этнофольклорлық ансамбльдері ұлттық музыканың әуезін жандандырып отырса, Астана қаласынан шақырылған Мемлекеттік академиялық театрының солистері де арнайы өнер көрсетті. Осындай шығармашылық үндестік концерттің көркемдік деңгейін байытып, би өнерінің көпқырлы табиғатын толық ашты.
«Қазына» ансамблінің репертуарында бүгінде 185-тен аса хореографиялық қойылым бар. Олардың әрқайсысы ұлттық өнерді қазіргі заман талабына сай жаңаша танытуға бағытталған. Бұл жолғы концертте ұжымның толық құрамы 40-қа жуық кәсіби би орындаушысымен сахнаға шықты.
«Қанатты қазына» концерті көрермен жүрегінен жылы орын алып, ұлттық би өнерінің үздік үлгісін паш еткен маңызды мәдени іс-шаралардың бірі ретінде есте қалды. Ансамбльдің шығармашылық өрісі мен кәсіби биігі қазақ хореографиясының дамуына тың серпін беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың жарқын үлгісін көрсетті.
Жадыра МҮСІЛІМ, “Шымкент келбеті”