Бүгін Шымкент қаласында Энергетика, Қаржы, Сауда және интеграция, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері қала кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесудің мақсаты мемлекеттің қазіргі экономикалық саясаты мен келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын түсіндіру болды. Іс-шараға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кеңесті Қаратау ауданы әкімдігінде өткізіп, бұған Энергетика вице-министрі Қуанышбек Тұтқышбаев, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жандос Нұржанов, Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ербол Жаутікбаев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаменті басқармасының басшысы Сейітжан Нұртаза қатысты.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойған жаңа Салық кодексінің негізгі бағыттары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, құжат салық жүйесін жеңілдетіп, экономиканы ынталандыруға бағытталған. Кодексте салықтық есептілікті 30%-ға қысқарту, салық түрлерінің санын 20%-ға азайту, салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру, сараланған ставкаларды енгізу, инвестициялық белсенділікті ынталандыру және сән-салтанат бұйымдарына салықтық жүктемені арттыру секілді жүйелі өзгерістер көзделген. Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында рұқсат етілетін және тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Қарапайым және түсінікті ережелер енгізіліп, шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеңілдетілген салық режимдері сақталады. Ал ірі компаниялар мен күрделі қызмет түрлері бұл санатқа енбейді.
Коммуналдық тарифтерге қатысты мәселелер жөнінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқар Кеңес баяндама жасады. Ол тарифтердің қалыптасуы табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдері, инфрақұрылымның жағдайы және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалына байланысты екенін айтты. «Тарифтерді көтеру тек Үкімет бекіткен инфляциялық дәліз шегінде ғана жүзеге асады. Барлық өтінім мен түзету «Монополист» электронды базасында тіркеледі. Кез келген тұтынушы сол жүйеге кіріп, барлық құжат мен хат алмасуды көре алады», деді ол.
Кездесу барысында кәсіпкерлер де өзекті мәселелерін ортаға салды. Олар коммуналдық тарифтердің қымбаттауы, құрылыс саласындағы сметалық құжаттамалардың ескіргендігі және салық жүйесіндегі кейбір қайшылықтар бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырғанын айтты.
Құрылыс компаниясының директоры сөз алып, тарифтердің өсуі мен сметалық құжаттардағы нақты шығындардың қарастырылмауы кәсіпкерлердің мойнына артық жүктеме түсіріп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, газ, су және электр желілерін қосу кезінде қосымша шығындар көп, алайда бұл сметалық жобаларда ескерілмейді екен. Сонымен қатар кәсіпкерлер салықтық және қаржылық рәсімдердегі қайшылықтарға тоқталды. Олардың айтуынша, Қаржы министрлігі бекіткен талаптар мен Қазынашылықтың ішкі ережелері бір-біріне қайшы келеді. Олардың ойынша, қазір бизнеске арналған арнайы шоттар жүйесі де қосымша қиындықтар туғызып отыр. Ол аванс алған компанияларға ғана ашылатындықтан, есеп айырысу мерзімі ұзарып, қаржы айналымы баяулайды.
Кездесуге қатысушылар кәсіпкерлер көтерген мәселелерді назарға алып, тиісті министрліктер мен ведомстволар деңгейінде қаралатынын айтты. Жиын ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар салық саясаты мен тарифтік реттеу бағыттарындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»