Қоғам тәрбиесі мемлекет үшін де, халық үшін де ең өзекті мәселелердің бірі. Сол ұрпақтың жат әдеттерден алшақ болуы басты қағида. Осы орайда, Шымкент қалалық полиция департаменті және жергілікті полиция басқармасымен бірлесе қала аумағындағы ішімдіксіз елді мекендердің үлесін арттыру, ауданда қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында, Көкбұлақ елді мекеніндегі кәсіпкерлік нысандарымен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында дүкен иелерімен спирттік ішімдік сатудан бас тарту, осы әрекетімен елді мекендегі қылмыстардың деңгейін төмендетуге үлес қосу жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.«Ішімдіксіз ауыл» жобасы – тек құқықтық, медициналық не экономикалық шара емес, бұл – рухани тазаруға, ұлттық болмысымызды сақтау мен ұрпаққа өнеге болуға бағытталған үлкен қадам екендігі атап өтілді.
Кәсіпкерлік нысан иелері аталған бастамаға қатысуға және алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясы бола тұра сатпауға өз келісімдерін беріп, келісім арнайы әлеуметтік меморандуммен бекітілді. Аталған меморандум арқылы Көкбұлақ елді мекенін дамыту мен қолдауға, тұрғындардың қауіпсіз және жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді, тиімді және өзара пайдалы ынтымақтастық орнатылды. Қала аумағында салауатты өмір салтын насихаттап, ішімдіксіз аймақтарды қалыптастыру - бүгінгі қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бұл – ел ертеңі үшін, жас ұрпақтың болашағына жасалған саналы таңдау. Қоғам тек заңмен емес, ар-ұят, сана мен тәрбиемен қалыптасады. Сондықтан осындай бастамалар – елді мекен өміріндегі үлкен серпіліс, жаңғырудың нақты көрінісі болары сөзсіз.
«Шымкент келбеті»