Жер бетіндегі тіршілік иелерінен адамды ерекшелейтін ең басты қасиет – оның ойлау қабілеті. Ойлану – адамды адам ететін, қоғамды өркендететін негізгі күш. Адам ойлану үшін оның миы үнемі жұмыс істеп, ой өрісі кең болуы қажет. Ойланбайтын жан иесі жансыз дене іспетті. Сондықтан біздің ой жүйемізді кеңейтіп, санамызды тереңдетіп, өмірімізді мәнді ететін ең басты құрал – кітап. Тамақ пен су қандай қажет болса, кітап та соншалықты ауадай маңызды. Тамақсыз жүрген адамның жүдеуі көзге бірден байқалса, кітап оқымай өскен адамның білімсіздігі мен ой таяздығы көп жағдайда бірден сезілмейді. Алайда дәл осы құбылыс қоғамда орын алатын көптеген келеңсіздіктердің, әлсіздіктің, ойланбай қабылданған шешімдердің түп-төркініне айналып отыр. Өйткені біз біртұтас жүйеде өмір сүргендіктен, әрбір адамның кемшілігі өзгеге де әсер етеді.
Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп атап өтті. Мемлекет басшысының бұл сөзі жай ғана мәдени үндеу емес, елдің рухани болашағына бағытталған нақты бағдар екенін айқын көрсетеді. Тоқаевтың тағы бір айтқан сөзі бар: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз». Бұл сөздер кітапқа бет бұру тек жастар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін стратегиялық қажеттілік екенін тағы да дәлелдейді.
Кітаптың, әсіресе көркем әдебиеттің адам ойына тигізер пайдасын спортпен салыстыруға болады. Мәселен, күрес немесе бокс сынды шектеулі алаңда өтетін спорт түрлерінде де спортшылар ұзақ қашықтыққа жүгіреді. Ойын барысында ұзақ жүгірудің қажеті шамалы көрінгенімен, ол жалпы жүрек пен өкпенің жұмысын жақсартып, бұлшықеттің төзімділігін арттырады. Сол сияқты көркем әдебиет те алғашқыда тек кейіпкерлер тағдыры мен оқиға желісінен тұратын қарапайым дүние болып көрінеді. Бірақ шын мәнінде, ол ойды тереңдетіп, әртүрлі көзқарасты салыстыруға, басқа адамдардың жан дүниесін түсінуге, логикалық байланысты көруге үйретеді. Бұл – миға жасалатын жаттығу, ойдың шынығуы. Сондықтан көркем әдебиетті оқу – әрбіріміздің рухани денсаулығымыз үшін аса маңызды.
Өкінішке қарай, бүгінде қоғамда «маған осы да жеткілікті», «бәрін білемін» дейтін менмендік пен салғырттық кең етек жайған. Бұл құбылысты жастардан да, ересектерден де байқаймыз. Мұндайда грек ойшылы Сократтың «Менің білетінім – ештеңе білмейтінім, ал өзгелер мұны да білмейді» деген даналық сөзі ойға оралады. Қазақ халқы да «Білім алу – тал бесіктен жер бесікке дейін» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, кітап оқу – үздіксіз үдеріс, ешқашан тоқтамауға тиіс құндылық. Біз немқұрайлық танытуға құқығы жоқ қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, әрқайсымыздың рухани дамуға қосқан үлесіміз бүкіл елдің дамуына әсер етеді.
Дәл осы себепті қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасының мәні ерекше. Бұл бастама – тек мәдени шара ғана емес, елдің интеллектуалды әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдар. Жоба аясында кітапханалық іс-шаралар, оқырмандар клубтары, әдеби кездесулер ұйымдастырылып, халықты оқуға жұмылдыру көзделуде. Президенттің жоғарыдағы сөздері осы жобаның өзегін ашып, кітап оқуды қоғамның күнделікті мәдениетіне айналдырудың маңызын көрсетеді.
Кітап оқитын ұлт – ойланатын ұлт. Ойланатын ұлт – ізденетін, дамитын, өркениетке ұмтылатын ұлт. Сондықтан әрқайсымыз үшін кітап оқу тек жеке таңдаудың мәселесі емес, қоғам алдындағы жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті сезініп, кітапты өміріміздің басты бөлігіне айналдыру – болашағымыздың кепілі.
Шалатай Мырзахметов