Кеңесте өзекті мәселелер талқыланды

Кеңесте өзекті мәселелер талқыланды

Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында қаладағы әлеуметтік-экономикалық даму, құқықтық тәртіп, құрылыс сапасы мен сәулет мәселелері кеңінен талқыланды.

Алдымен сөз алған Тұран ауданы әкімінің орынбасары Асылжан Дәулетханұлы жаңа ауданның даму барысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, аудандағы ең негізгі міндет тұрғындарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету болып отыр. «Ауыз су, электр энергиясы мен табиғи газ жүйелері кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Жол құрылысы да жүйелі қолға алынған. Биылдың өзінде бірнеше көшеде асфальт төсеу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың құрылысы да басталды», деді ол.

Баяндамадан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері өз пікірлерін ортаға салды. Кеңес мүшелері Тұран ауданында халықтың ең үлкен сұранысы инфрақұрылым екенін айтып, бұл жұмыстарды жеделдетуді ұсынды. Сондай-ақ аудандағы білім беру нысандарының жетіспеушілігіне тоқталып, жаңа мектептердің салынуын күн тәртібіне қою мәселесін құлағдар етті. Бұдан бөлек, қоғамдық көлік бағыттарының әлі де жеткіліксіз екені ерекше айтылды.

Келесі кезекте Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов баяндама жасады. Ол қылмыс деңгейінің төмендеуіне қарамастан, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін айтты. «Қоғамдық тәртіпті сақтауда учаскелік полиция инспекторларының жұмысына көп нәрсе байланысты. Біз оларды халыққа жақындату үшін жаңа тәсілдер енгізіп жатырмыз. Жол қауіпсіздігі де басты назарда, арнайы рейдтер ұйымдастырылып, жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді ол.

Кеңес мүшелері полиция жұмысына қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Олар учаскелік инспекторлардың қолжетімділігін арттырып, әрбір шағынауданға нақты бекіту қажет екенін жеткізді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін мектептерде құқықтық сабақтар өткізуді ұсынып, бірнеше кеңес мүшесі түнгі уақытта жастардың көп жиналатын орындарында тәртіп сақшыларының патрульдеуін күшейту керектігін айтты.

Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев қаладағы құрылыс нысандарының жай-күйі туралы баяндады. Ол әлеуметтік маңызы бар нысандардың сапасы басты назарда екенін, алайда кейбір мердігер мекемелер тарапынан кемшіліктердің бар екенін жасырмады.

«Біз сапасыз құрылысқа жол бермейміз. Мердігерлердің жауапкершілігі артады, ал талаптарды орындамаған компаниялармен келісімшарт бұзылады», деді ол. Осы орайда Қоғамдық кеңес мүшелері де өз ойларын білдірді. Мәселен, құрылыста жергілікті материалдарды көбірек пайдалану ұсынылды. Мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандардың сапасын қатаң қадағалау қажеттігін атап өткен кеңес мүшелері жаңа құрылыстардың экологиялық талаптарға сәйкестігіне де мән беру қажеттігін алға тартты.

Соңғы баяндама Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Дәурен Мұқановқа берілді. Ол қаланың бас жоспарына енгізілген өзгерістер, жаңа шағынаудандардың дамуы және тарихи орталықты сақтай отырып, заманауи нысандар салу бағытындағы жұмыстарды таныстырды.

«Шымкенттің сәулеттік келбеті – біздің визиттік картамыз. Жаңа жобалар іске асырылып жатыр, бірақ біз тарихи мұраларымызды сақтау ісін де назардан тыс қалдырмаймыз», деді ол. Бұл бағытта да Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстар айтты. Көпқабатты үйлердің құрылысы кезінде тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қарастырылуы керектігі жеткізіліп, көгалдандыру жұмыстарына баса мән беріп, әрбір жаңа ауданға саябақ пен аллеялар салу ұсыныс етілді. Сондай-ақ тарихи орталықтағы ғимараттардың архитектуралық тұтастығын сақтау да маңызды болып отыр. Осылай деген кеңес мүшелері алдағы уақытта өздерінің ұсыныстарын жауапты басқармалармен бірге қарап, тиісті мекемелерге жолдау қажеттігін алға тартты.

Отырысты қорытындылаған Қоғамдық кеңес төрағасы көтерілген ұсыныстардың барлығы хаттамаға енгізілетінін атап өтті. Әрбір бағыттағы нақты ұсыныстар тиісті мекемелерге жолданып, орындалу барысы кеңестің келесі отырысында қаралатын болды.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»