AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен тұрғындармен тығыз байланыс орнату және олардың өтініштерін жедел қарау мақсатында Қаратау ауданында кезекті мобильді қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары, қалалық басқармалардың өкілдері, Қаратау ауданы әкімдігінің мамандары қатысты.
Мобильді қабылдаудың басты мақсаты - азаматтардың мәселелерін тыңдап, нақты шешім жолдарын қарастыру, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ, шалғай елді мекендерде тұратын азаматтардың партиямен тікелей байланысын арттыру.
Көшпелі қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік жағдай, коммуналдық қызмет сапасы және жұмыспен қамту сынды мәселелерді көтерді. Әрбір азаматтың өтініші жеке тыңдалып, заң аясында толық түсіндірме берілді.
Қайтпас-1 шағынауданының тұрғыны Бақдәулет Спатаевтың айтуынша, Қызылқайың көшесінде тұрмыстық қатты қалдықтар уақтылы алынбайды және көше шамдары қыркүйек айынан бері жұмыс істемейді. Шағынаудан тұрғыны тиісті мекемелерден нақты шешім болмағандықтан партияның қоғамдық қабылдауына келген.
Қаратау ауданы әкімдігінің өкілдері абаттандыруға қатысты мәселелердің бәрі тиісті мерзімде шешімін тауып жатқанын айтады.
Аталған партиялық жобаның тиімділігі жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері Шымкент қаласында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында 23 мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, жалпы 500-ге жуық азаматтың өтініші тіркелді. Бұл жоба аясында азаматтар өз мәселелерін тікелей жеткізіп, уақтылы жауап пен нақты қолдау алу мүмкіндігіне ие болып отыр.
«Шымкент келбеті»