Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті отыз бірінші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде жалпы 18 мәселе қаралып, бәрі де депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Алдымен 2026-2028 жылдарға арналған қала бюджеті мәселесі қаралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев 2026 жылға бюджет көлемі 818 млрд теңгені құрағанын, ондағы негізгі параметрлерін атап өтті. Бюджет жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларында, Қоғамдық кеңесте жан-жақты қаралған.
Мәслихат депутаттары аталған мәселе бойынша қолдап, дауыс берді.
Жиын барысында 2021-2025 жылдарға арналған қаланың даму жоспарының орындалу мәселесі талқыға түсті. Жалпы, жоспарға сәйкес, барлық бағыттарда тиісті жұмыстар атқарылып, оң көрсеткіштер қалыптасты.
Ерлан Бастарұлы ендігі ретте қаланың 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары әзірленгенін,18 ұлттық индикатор, 75 нәтижелік көрсеткіш белгіленгенін айтты. Бұл - өте ауқымды жоспар. Атап айтқанда, инвестиция тарту, индустриалдық аймақтарды дамыту, инфрақұрылым, әлеуметтік салаларда бірқатар жоспарлар іске аспақ.
Сонымен қатар, күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Қала әкімі кезекті сессияда маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтіп, депутаттарға алғысын жеткізді.
«Шымкент келбеті»