Шымкент қаласындағы Зейін Бизнес орталығында Jerleu жобасы таныстырылды. Бұл жоба зираттарды цифрландыру арқылы әр азаматтың ата-бабасының жерленген жері мен деректерін онлайн-платформада баршаға қолжетімді етуді көздейді.
Жиын барысында жоба өкілдері тұрғындарға платформаның мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндірді. Jerleu арқылы марқұмның аты-жөнін, өмір сүрген жылдарын, құлпытастың фотосын және қабірдің картадағы нақты орнын табуға болады. Сондай-ақ 2ГИС немесе Яндекс карталар арқылы жол сызбасын құрастыруға мүмкіндік бар. «KazAeroSpace» ЖШС бас директоры Айбол Нысановтың айтуынша, бұл жоба сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Өйткені кейбір елдімекендерде мемлекет тарапынан берілетін 6 шаршы метр жерді сату жағдайлары тіркелген көрінеді. Сондай-ақ, қайғылы жағдай орын алғаннан кейін марқұмның жақындары Jerleu платформасына өтініш қалдырғаннан соң 3 сағат ішінде жауап алады.
- Жоба мүмкіндіктері бойынша жерлеуге онлайн өтінім беру, рәсім уақыты мен күнін белгілеу, қабір қазу, құлпытас орнату, көлік қызметіне тапсырыс жасау қызметтері ұсынылады. Сонымен бірге қабірді тазалау, көгалдандыру, бояу жұмыстарын онлайн тапсырыс беріп, «бұрын» және «кейін» фотоесеп алу мүмкіндігі қарастырылған. Тұрғындар үшін тағы бір маңызды жаңалық – марқұмның өмірбаянын, фотосуреттерін қосып, «цифрлық мемориалдық парақша» жасауға болады, - дейді Айбол Нысанов
Кездесу барысында мамандар Jerleu жобасының мемлекетке де пайдасы зор екенін атап өтті. Қайтыс болған адамның жақындарының сұранысына қарай жауапты мамандар платформаға кіріп орын таңдауға көмектеседі. Ал өтінім беру процесі толық ашық әрі қарапайым жүргізіледі дейді жауаптылар.
Жоба жетекшісі Әйгерім Әлмұрзаеваның айтуынша, жобаны жүзеге асыруға 2 жылға жуық уақыт кеткен. Алдағы уақытта Қазақстандағы барлық зираттарды цифрландыруды аяқтап, цифрлық шежіре қызметі іске қосылмақ. Сонымен бірге мемориалдық парақшалардың мүмкіндіктерін кеңейту және жобаны басқа елдерде де жүзеге асыру жоспарланған.
«Шымкент келбеті»