Бүгін Шымкент қаласында жылыту маусымына дайындық аясында тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және улы газдан уланудың алдын алу бағытында кешенді түсіндірме іс-шаралары өтіп жатыр.
Еңбекші ауданының Азат шағын ауданында өткен іс-шараға Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, «Газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары, әділ билер алқасы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ еріктілер қатысты.
Мамандар тұрғындарға газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, жылыту маусымында сақтық шараларын қатаң қадағалау қажеттігін атап өтті. Әсіресе, газ жабдықтары мен мұржалардың ақаусыз жұмыс істеуі және желдету жүйесінің дұрыс болуы адам өмірі үшін шешуші фактор екені айтылды.
– Көміртегі газы көзге көрінбейтін, иіссіз және адам өміріне аса қауіпті. Мұндай уланудың соңы өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан тұрғындар газ жабдықтарының жарамдылығына назар аударып, қандай да бір ақау байқалған жағдайда дереу тәулік бойы жұмыс істейтін 104 жедел қызметіне хабарласуға тиіс, – дейді газ-техникалық қызметінің инспекторлары.
Мекеме мамандарының айтуынша, тұрғындар үй ішілік газ жабдықтарына қызмет көрсететін ұйымдармен және желдету, түтін шығару арналарына жауапты мекемелермен келісімшарт жасау арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады. Ал қауіпті жағдай анықталған кезде газ-техникалық қызмет инспекторлары абонентті уақытша газ желісінен ажыратуға құқылы.
Іс-шара барысында мамандар аз қамтылған және көмір пайдаланатын отбасылардың мұржаларын тексеріп, тазалау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар газ жабдықтарын дұрыс қолдану туралы арнайы жадынамалар таратылып, тұрғындарға практикалық кеңестер берілді.
Айта кету керек, жылыту маусымы қарсаңында ұйымдастырылған мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта қала аумағында әлі де жалғаспақ.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»