​Еңбекші ауданында ауқымды жұмыс атқарылды

​Еңбекші ауданында ауқымды жұмыс атқарылды

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек Орталық коммуникациялар алаңында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде аудан аумағы 22 мың гектарға жетіп, халық саны 228 мыңнан асып отыр. Мұнда қазір 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан бар.

Әкімнің сөзінше, соңғы жылдары аудан тұрғындарын сапалы инфрақұрылыммен қамтуға ерекше көңіл бөлінген. Қазір халықтың 97 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Жастар көшесі мен «Қазығұрт» стансасы аумағын қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, келесі жылғы жұмыс жоспарына енгізілген. Электр қуатымен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетіп отыр. Бірқатар елді мекендегі жекеменшік желілерді мемлекеттік жүйеге өткізу мақсатында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.

Досбол Есілбектің айтуынша, аудан халқының 97 пайызы табиғи газға қосылған. Қаратөбе мен Оңтүстік шағынаудандарында құрылыс толық аяқталса, Жалын, Жұлдыз және Қарабастау тұрғын алаптарында абоненттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесімен қамту деңгейі әзірге 41 пайызды құрайды. Ұлағат пен Жұлдыз шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталса, Базарқақпа тұрғын алабындағы көпқабатты үйлерге кәріз жүйесін тарту басталыпты. Сонымен қатар, қосымша көшелерге инженерлік желілер жүргізу үшін жобалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Әкім жол құрылысына да тоқталып, бүгінде аудан аумағындағы көше-жол желісінің ұзындығы 730 шақырымнан асатынын атап өтті. Соңғы жылдары ондаған көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, биылға жоспарланған 70-тен астам көшенің 90 пайызы ретке келтірілген. Биыл аяқжолдар салу жұмыстары да жалғасып, бірнеше көшеге жаңа тротуар тартылыпты. Сонымен қатар, жарықтандыру жоспарланған 367 көшенің басым бөлігінде шамдар орнатылып, қалған көшелерде жұмыс жүріп жатыр.

Су тасқынының алдын алу мақсатында ирригациялық арықтар салу да жүйелі жүргізіліп келеді. Соңғы үш жылда ондаған шақырым арық пайдалануға берілген. Аудан басшысыныңайтуынша, биыл да бірнеше мекенжайда жаңа арықтар орнатылып, жауын-шашын суларын сіңіру мүмкіндігі күшейтілген. Абаттандыру бағытында «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы тұрғындардың ұсынысымен балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңдары орнатылып келеді. Бүгінде ауданда 60-тан астам ашық спорт алаңы бар. Бұдан бөлек, жыл сайын гүлзар саны артып отыр. Биыл сегіз жаңа гүлзардың құрылысы аяқталмақ.

Әкімнің айтуынша, ономастика мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Былтыр жүздеген көшеге жаңа тақтайшалар орнатылса, биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып келеді. Жыл соңына дейін аудан көшелері заманауи үлгідегі атаулармен және үй нөмірлерімен толық қамтылмақ. Оның айтуынша, атқарылып жатқан барлық шараның түпкі мақсаты аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. «Сондықтан инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға күш салып отырмыз», деді аудан әкімі.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»