Шымкентте Еңбек күні мерекесіне орай «Арбат» демалыс аймағында «Еңбек – елдің мұраты» атты өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – еңбекке қабілетті азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту, жұмысшы мамандығының беделін көтеру және халықты еңбекке баулу.
Жәрмеңкеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, түрлі сала бойынша тұрақты және уақытша бос орындарды ұсынды. Әсіресе жұмыс күші тапшы өңірлерден арнайы келген делегаттар өңіраралық жұмыспен қамту мен ерікті қоныс аудару бағдарламасын түсіндіріп, азаматтарға нақты кеңес берді.
Биылғы жәрмеңкенің ауқымы кең болды. 371 мекемеден – 2 285 тұрақты, ал 918 мекемеден – 2 118 уақытша бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыс берушілер қатарында еліміздің ірі кәсіпорындары – «Бал текстиль», «ПетроКазахстан», «Asia Trafo», «NURTAU Distribution Company», «Karlskrona» сияқты өндіріс орындары бар. Бұл компаниялар жастарға да, білікті мамандарға да жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Жәрмеңке аясында еңбек майталмандары мен үздік кәсіпорындар да марапатталды. Қала әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев қала тұрғындарын Еңбек күнімен құттықтап, «Еңбек жолы – 2025» конкурсының жеңімпаздарына қала әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар қалалық мәслихат депутаты Альбина Елшиева еңбек озаттарына мәслихаттың арнайы алғыс хатын табыс етті.
Ал «Парыз – 2025» конкурсының жеңімпаз кәсіпорындарына марапаттарды «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев тапсырды.
Жәрмеңкеге «AMANAT» партиясынан өкілдер, қалалық мәслихат депутаттары, кәсіподақ ұйымдары мен қоғам белсенділері қатысты.
«Шымкент келбеті»