Мұнай-газ саласының ардагері, тәжірибелі химик-технолог Сейілхан Жүсіпбеков – саналы ғұмырын ел экономикасының тірегіне айналған стратегиялық салаға арнаған жан.
Сейілхан Жүсіпбеков 1954 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Мектепте зеректігімен дараланып, асқақ арманының жетегінде өскен бала Сейілхан білім жолын қуып, Ресейдің Иркутск қаласынан бір-ақ шықты. 1976 жылы Иркутск политехникалық институтын тәмамдап, кәсіби жолын Мәскеуде бастаған. Он үш жыл бойы ауқымды тәжірибе жинақтап, елге оралған соң, еліміздің мұнай өңдеу саласының өркендеуіне бар күш-жігерімен кіріседі.
Ардагер әрдайым жаңа жобалардың басында жүріп, өндірістегі тың істердің жүзеге асуына тікелей атсалысты. Әсіресе, Шымкент мұнай өңдеу зауытының іске қосылуы мен дамуына қосқан үлесі айрықша. Қарапайым цех басшылығынан бастап, вице-президенттікке дейін көтерілген еңбек жолы – табандылық пен біліктіліктің айғағы.
Білікті маман барлық жерге керек. Бірнеше жобаларға басшылық жасап, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында да басшылық қызметте болады. Елдің энергетикалық әлеуетін арттыруға үлес қосты. 2017 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытынан зейнетке шыққанымен, сұранысқа ие маман бүгінде жасы жетпістен асқан шағында да мұнай саласында қызметін жалғастырып келеді.
50 жылға жуықтаған еңбек жолында Сейілхан аға үнемі алдыңғы шепте жүрді. Ол мұнай саласының болашағына сенеді, жас мамандарға үлкен үміт артады.
Жеке өмірінде де отбасының тірегі. Жұбайы екеуі бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ардагер үшін отбасының амандығы мен елдің өркендеуі – басты құндылық.
Мұнай-газ саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Сейілхан Жүсіпбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Бұл саналы ғұмырын ел игілігі жолына арнаған, маңдай терін бір салаға төккен жанның еңбегінің бағаланғаны деп білеміз.