Әр дәуірдің өз абызы, өз ұлағатты ұстазы болады. Солардың бірі – қазақ әдебиетінің қазынасын зерттеп, ұлттық руханияттың көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған профессор, әдебиеттанушы ғалым, көрнекті қаламгер Бегман Ысқақ. Ғалым биыл асқар таудай 85 жасқа толып отыр.
«Тұғырдан таймаған тарлан абыз» атты әдеби кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, әр жылдардағы шәкірттері, отбасы мен жақын-жуықтары жиналды.
Кеш барысында ұстазға деген ыстық ықылас, адал құрмет сезімдері айрықша байқалды. Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің орынбасары Аманбек Ахметбаев ардагер ұстазға қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің арнайы құттықтау хатын табыс етті. Бұл – ұстаздың ел алдындағы еңбегіне берілген үлкен баға еді.
Сондай-ақ, ардагердің «Аштық не жегізбейді» кітабының тусауы кесілді.
Қаладағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері де жиынға қатысып, Бегман ағаның еңбегін ерекше ілтипатпен атап өтті. Әр шәкірт естелігін айтып, ұстаздың жүрегіне жол тапқан ақыл-кеңестерін, адами болмысын, биік парасатын әңгіме етті.
Бегман Ысқақ – тек ұстаз ғана емес, қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосқан қаламгер, терең ойлы ғалым. Оның шәкірт тәрбиелеудегі адалдығы мен табандылығы, әдеби мұраны зерттеудегі еңбегі, ұлттық болмысты танудағы ізденістері – ұрпаққа үлгі.
85 жылдық ғұмыр – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің тарихы. Ол – ұлт руханиятын байытқан еңбек, шәкірт жүрегінде мәңгілік орын алған мейірім мен парасат тарихы.
Кеш соңында айтылған әрбір лебіз, әрбір естелік абыз ұстаздың халық алдындағы мәртебесін биіктете түсті.
«Шымкент келбеті»