БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ – БЕРІК ҚОҒАМНЫҢ БАСТАУЫ

БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ – БЕРІК ҚОҒАМНЫҢ БАСТАУЫ

Шымкент қаласында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы аясында қоғамдағы ең маңызды құндылықтардың бірі – отбасы тұрақтылығы мен қауіпсіздігін насихаттауға бағытталған кездесу өтті. Шараны Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Кездесу «Берекелі отбасы – берік қоғамның бастауы» деген тақырыппен өтіп, жастар тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін кеңінен қамтыды.

Іс-шараға Саз колледжінің студенттері қатысып, мюзикл форматындағы көркем қойылым ұсынды. Олар отбасындағы өзара құрмет, түсіністік, ананың рөлі, әкенің жауапкершілігі және қазіргі қоғамда жиі кездесетін тұрмыстық жанжалдар мен олардың салдары туралы сахналық көрініс арқылы көрерменге ой салды. Жастардың орындауындағы бұл қойылым отбасындағы ұсақ-түйек түсініспеушіліктердің қалай үлкен проблемаға айналуы мүмкін екенін бейнелеп, зорлық-зомбылыққа жол бермеудің маңызын айқын көрсетті.

Кездесу барысында «AMANAT» партиясының төраға орынбасары Ербол Байқонысов акция аясындағы белсенділігі мен қолдауы үшін алғыс хатпен марапатталды. Бұл – өңірдегі қоғамдық мәселелерді бірге шешуге бағытталған ынтымақтастықтың белгісі болды.

Шараға әр сала бойынша тәжірибелі мамандар қатысып, жастармен ашық пікір алмасып, өз бағыттары бойынша ақпарат берді. Олардың қатарында, «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» ҚБ Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова, Әл-Фараби ауданы прокуратурасының прокуроры Диас Мұрат, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасына қарасты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция капитаны Жаңыл Спанова, PhD, доцент, психолог, гештальт-терапевт Салтанат Асанова болды. Спикерлер отбасындағы зорлық-зомбылықтың түрлері және бұл жағдайда ерте көмекке жүгіну жолдары туралы кеңінен әңгімеледі. Прокуратура өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қарастырылған жауапкершілік шараларын түсіндіріп, бүгінгі таңда заңнамада жасалған өзгерістерге тоқталды. Ал полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында жедел көмек алу мүмкіндіктерін, қауіпсіздік алгоритмін, дағдарыс орталықтарының жұмысын атап өтті. Психолог мамандар қатысушыларға эмоциялық тұрақтылықты сақтау, күйзеліс жағдайын еңсеру, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, жанжалсыз қарым-қатынас құру бойынша нақты ұсыныстар берді. Олар қазіргі қоғамда жастарға психологиялық көмек алу мәдениетін қалыптастырудың өзектілігіне тоқталды.

Кездесу соңында шараға белсене қатысқан жастар мен өнер көрсеткен студенттерге арнайы алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтіп, отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресу тек құқықтық мәселе емес, бұл – қоғамдық сана қалыптастыру, мәдениет, тәрбиенің тұтас жүйесі екенін жеткізді.

«Шымкент келбеті»