Шымкент қаласында «Бақытты әйел» жобасы аясындағы қорытынды кездесу өтіп, жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесі талқыланды. Іс-шара барысында «Бойжеткен» бейнефильміінің тұсаукесері ұсынылып, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жобаның әлеуметтік мәні кеңінен ашылды.
Кездесуді «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзахова жүргізіп, жоба серіктестері мен арнайы шақырылған қонақтарды таныстырды. Іс-шараға Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақбота Оспан, Шымкент қаласы әкімінің отбасы істері, демография және гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Баян Жандосова, қалалық полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасына қарасты Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция капитаны Жаңыл Спанова, Жол-көлік колледжінің директоры Балмаржан Нарбекова, «Сұлу әйел – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы Ақмарал Құдайбергенова және Re frame тұлғалық даму орталығының психологы Айсұлу Тұрсынбаева қатысып, жоба барысындағы жұмыстар мен қоғамдағы әйел рөліне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Сонымен бірге іс-шарада «Бақытты әйел» жобасының қатысушысы әрі сән үйінің дизайнері Айдана Омарованың «Ханшайымдар» атты этноколлекциясының дефилесі көрсетілді.
Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақбота Оспан «Бақытты әйел» жобасының бір жыл ішінде жүзеге асқан кезеңдері мен негізгі нәтижелерін жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, жоба қала бойынша барлық ауданды қамтып, 70-тен астам кездесу өткізілген. Жобаның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық, құқықтық, әлеуметтік қолдау көрсету және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау болған.
Бұл кездесулер құқық қорғау органдары, гендерлік саясат мамандары, психологтар, заңгерлер және «Отбасы банкінің» өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылған.
Әрбір ауданда әйелдердің мәселелері жеке қарастырылып, бағыт-бағдар берілген. Қажет жағдайда демеушілер тарапынан материалдық қолдау да көрсетілген. Жыл басында №3 әлеуметтік бейімдеу орталығында 20-ға жуық әйел уақытша паналап жүрген болса, жоба нәтижесінде олардың саны едәуір азайып, қазір ең көп дегенде 2 әйел ғана орталыққа жүгінетін болған. Бұл көрсеткіштің төмендеуі жобаның нақты нәтижелігін көрсетеді. Көптеген әйел отбасына қайта оралып, кейбірі баспана мәселесін шешіп, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алған. Полиция департаментінің зорлық-зомбылықтың алдын алу қызметінің көмегімен жүзге жуық әйелмен жеке кездесу ұйымдастырылып, әрбір жиында орта есеппен 50 әйел қамтылған.
Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің отбасы істері, демография және гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Баян Айтбекқызы «Бақытты әйел» тақырыбындағы конференцияның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасындағы негізгі бағыттармен ұштасады. Соның ішінде әйелдерді қоғамға дайындау, олардың әлеуетін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар ерекше рөл атқарады. Осы мақсатта енгізілген «Томирис» жобасы аясында Түркістан облысының ауылдарын аралап, лидер, белсенді және еңбекқор әйелдерді анықтау жұмысы жүргізіліп, 85 әйел арнайы іріктелген. Бұл өңірдегі әйелдер қауымының әлеуетін көтеруге арналған жүйелі жобалардың жалғасы екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, әйелдің бақытты болуы, ең алдымен, оның жанұясындағы тыныштық пен татулыққа тікелей байланысты. Қазақ халқында «әйел ерінің алдына түсіп кетпеуге тиіс, бірақ қоғамда да, отбасында да өз орнын табуы керек» деген ұстаным бар. Сондықтан әйелдің қоғамдағы рөлі мен отбасындағы жауапкершілігі қатар жүруі керек.
Сондай-ақ ол, атап өткендей, қазір қоғамда әйелдердің өміріне әсер ететін негізгі сыртқы факторлардың бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл мәселеде жылына дүниежүзінде 16 күндік акция өткізіліп келеді. 1991 жылы БҰҰ конвенциясы негізінде қабылданған бұл бастаманы бүгінде 841 мемлекет пен 6000-нан астам қоғамдық ұйым қолдап отыр. Қазақстанда да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманың күшеюімен қатар жағымды нәтижелер байқалып келеді. Мәселен, былтыр 10 айда 125 әйелдің қаза тапқаны тіркелсе, биылғы 10 айдың ішінде бұл көрсеткіш 80-ге дейін төмендеген. Әрине, бұл санның өзі аз деп айту қиын, дегенмен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының күшеюі, жастармен жиі кездесу, қоғам белсенділігінің артуы осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуға ықпал етіп келеді. Спикердің пікірінше, бұл мәселені жабудың емес, ашық түрде талқылап, алдын алу шараларын күшейту уақыт талабы болып отыр.
Игі дәстүрлер мен ұлттық тәрбиенің де маңызы ерекше екені іс-шарада атап өтілді. Баян Айтбекқызы қазақы салтта келіннің тәрбиесі, қыздың әдебі және ата-ене мен жас отбасының арақатынасы ешқашан назардан тыс қалмағанын айтты. «Жақсы үйдің келіні – отбасының ырысы» деген түсінік бүгінгі күнге дейін өз мәнін жоғалтпай келеді. Сондықтан ұрпақты ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу қоғам тұрақтылығының негізгі факторы болуы қажет. Сонымен бірге спикер сайлау жүйесіндегі квота мәселесіне де тоқталып өтті. Халықаралық тәжірибе бойынша шешім қабылдау үдерістерінде әйелдер үлесі кемінде 30% болуға тиіс. Бұл – әлем мойындаған стандарт. Дегенмен соңғы өзгерістерге сәйкес осы квотаға жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар да енгізілген. Бұл бастамаға қарсылық жоқ, алайда бір әйелді үш түрлі санатқа қосып, бір квотамен шектеп қою дұрыс еместігі де айтылды. Сондықтан бұл мәселенің механизмдерін қайта қарау қажеттілігі бар.
Қорытынды кеште мотивациялық спикерлердің сөзі, психологтың тренингтері, жобаға қатысушылардың өміріндегі оң өзгерістерді көрсететін бейнебаян мен сән көрсетілімі ұсынылды. Сонымен қатар әжелер кеңесінің мүшелері жас қыз-келіншектерге ақ батасын беріп, ұлттық дәстүр аясындағы құнды кеңестерін жеткізді. Жиын соңында серіктестік сертификаттары табысталып, жобаға қатысқан барлық тараптарға алғыс көрсетілді.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»