​Ауыл шаруашылығындағы әріптестік артып келеді

​Ауыл шаруашылығындағы әріптестік артып келеді

Бүгін Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі AGRITECH TURKESTAN&GROWTECH SHYMKENT-2025 көрмесі өз жұмысын бастады.

Бұл бастама Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында атап өтілген ауыл шаруашылығын әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында ұйымдастырылған. Көрменің негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы, жылыжай шаруашылығы, өсімдік өсіру, суару жүйелері, бау-бақша және агротехнология салаларындағы заманауи жетістіктер мен инновациялық шешімдерді көрсету, тәжірибе алмасу және отандық пен шетелдік кәсіпорындар арасындағы әріптестікті дамытуға арналды.

Биылғы іс-шараға елімізден бөлек, Түркия, Нидерланд Корольдігі, Қытай, Ресей, Өзбекстан және басқа да елдердің сексеннен астам жетекші компаниялары қатысып отыр. Сонымен қатар көрмеге Анталия сауда-өнеркәсіп палатасы мен оның құрамындағы отыздан астам түрік компаниясының делегациясы арнайы келді.

Көрме аясында «Шаруа–2025» семинар-конференциясы ұйымдастырылып, онда агросекторды дамыту, фермерлерді қолдау, су ресурстарын тиімді пайдалану, экспорттық әлеуетті арттыру және инновациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Көрменің ресми ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов сөз сөйлеп, іс-шараның стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай халықаралық іс-шара ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа идеялар мен серіктестіктердің бастауы болып отыр. «Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын инновациялау мен технологиялық жаңғыртуды стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Бұл бағытта Шымкент қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Қаламызда екі ірі шетелдік инвестициялық жоба жүзеге асып келеді. Соның бірі түрік инвесторы «Алсерра KZ» компаниясының жылыжай кешені. Жалпы құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жоба 500 гектар аумақта салынып жатыр. Бүгінде 40 гектары дайын, ай соңында алғашқы өнім алынуы күтіледі. Екінші жоба – польшалық «Фабре Агро» компаниясына тиесілі 144 гектар аумақтағы жылыжай кешенінің құрылысы. Осындай ауқымды халықаралық көрменің дәл Шымкент қаласында өтуі заңды құбылыс. Бұл көрме жаңа серіктестіктерге жол ашып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырады деп сенеміз», деді ол.

Анталия сауда-өнеркәсіп палатасы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Хакан Пакалин өз сөзінде Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың терең байланысын атап өтті. Оның сөзінше, бұл көрме Түркия мен Қазақстан арасындағы достық пен әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам. «Екі елді ортақ тарих, мәдениет және рухани байланыстар біріктіреді. Түркия бүгінде әлемдік ауыл шаруашылығы нарығында жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Бұған қолайлы климат, құнарлы жер және мол су ресурстары ықпал етеді. Ел аумағындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының 41 пайызы Анталия өңірінде орналасқан. Мұнда Түркияның жаңа піскен көкөніс пен жеміс экспортының 21 пайызы, ал декоративті өсімдіктер экспортының 42 пайызы жүзеге асады. Біздің 21 компаниямыз осы көрмеге AKSO Agro Class III жобасы аясында қатысып отыр. Олар тыңайтқыш, тұқым және жылыжай технологиялары бағытындағы өнімдерін таныстырып, қазақстандық серіктестермен тиімді ынтымақтастық орнатуға ниетті», деді ол. Сондай Қазақ жеміс-көкөніс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев бүгінгі іс-шара ауыл шаруашылығы, жылыжай, бау-бақша және гүл шаруашылығы салаларындағы инновациялар мен заманауи технологияларды паш ететін маңызды алаң екенін жеткізді. Мұнда заманауи техника мен агротехнологиялар, жеміс-жидек пен көкөніс дақылдарының жаңа сорттары, органикалық тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдары кеңінен таныстырылады. «Қазір Қазақстанда шамамен 130 мың гектар картоп және көкөніс алқаптары, 100 мың гектардан астам бақша дақылдары, сондай-ақ 1 200 гектар жылыжай кешендері бар. Бұл бағыттар ғылыми қолдау мен жаңа технологияларды қажет етеді. Ал мұндай көрме агросектордың даму бағытын айқындайтын, ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялар мен жаңа технологиялардың тоғысқан маңызды алаңы болмақ», деді ол.

Халықаралық көрмеге қатысқан шетелдік және отандық компаниялар заманауи агрохимиялық өнімдерін, тыңайтқыш түрлерін және өсімдіктерді қорғау технологияларын ұсынды. Көрме алаңы агробизнесте тәжірибе алмасу мен жаңа әріптестіктер орнатудың маңызды орталығына айналды.

Айталық, «Teknolojik Diri» компаниясының өкілі Сүлейман Дурсун өздерінің компаниясы Yuvatar 1994 жылы Түркияның Анталия қаласында құрылғанын айтады. Осы жылдарда өсімдіктерді қорғау құралдары мен өсімдікті қоректендіру өнімдерін өндіруде алдыңғы қатарлы компанияға айналыпты. «Қазір таңда 9000 шаршы метр аумақта орналасқан өндірістік кешенімізде 100-ге жуық түрлі өнім түрін шығарамыз. Анталиядағы бас зауытымыздан бөлек, Конья қаласында да қоймамыз бар. Бұл бізге Түркия аумағында өнім жеткізуді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміздің әр аймағында аймақтық дистрибьюторлар мен серіктестер бар. Бүгінде біздің өнімдеріміз бірнеше елге экспортталып жатыр. Алдағы уақытта Қазақстанмен де ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырмыз», дейді түрік компаниясының өкілі.

Agrohim Leader компаниясының консультант-менеджері Күлай Фазилованың айтуынша, компания агрохимия саласында жетекші компаниялардың бірі саналады. Ұйым 2011 жылы құрылған және содан бері ауыл шаруашылығы нарығында тұрақты жұмыс істеп келеді.

Олардың қызметі қазір түрлі елдермен серіктестік орнатып, олардың жоғары сапалы өнімдерін Қазақстан аумағына таратуға бағытталған. Негізінен өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды сату және насихаттау бағытында жұмыс істейді. Осылай деген компания өкілі «Соңғы жылдары өнім түрлеріміз кеңейіп, органикалық және органо-минералды тыңайтқыштар да қосылды. Олар әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарына тиімді қолданылып, топырақтың құнарлылығын арттыруға мүмкіндік береді», дейді.

Lotus Tarım компаниясының өкілі Эгемерт Ардич те өз өнімдері туралы кеңінен айтты. Компания өндірісін үнемі жетілдіріп келеді. Қазір гранулалық тыңайтқыштармен қатар, суспензия түріндегі тыңайтқыштарды да өндіреді екен.

Өнімдері 15-тен астам елге экспортталады. «Біздің негізгі орталығымыз Анталия қаласында орналасқан, компания 34 000 шаршы метр аумақта қызмет етеді және отбасылық кәсіпорын. Біз әр елде сенімді бір серіктеспен жұмыс істеуді басты қағида ретінде ұстанамыз. Әдетте жыл сайын нысаналы нарықтарға бағытталған халықаралық көрмелерге қатысамыз. Былтыр Қытай, CSE және Вьетнам көрмелерінде болдық, ал биыл мамыр айында Таиландта өтетін көрмеге қатысуды жоспарлап отырмыз. Мұндай іс-шаралар бізге іскерлік байланыстарды кеңейтуге, жаңа нарықтарға шығуға және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Біз өсімдіктердің теңгерімді қоректенуін бақылауға, өнім сапасын арттыруға ұмтыламыз», деді ол.

Көрмеге қатысқан компаниялар ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған инновациялық шешімдерімен, сапалы өнімдерімен және экологиялық тиімді тәсілдерімен ерекшеленді. Мұндай халықаралық алаңдар фермерлер мен өндірушілер арасындағы әріптестікті нығайтып, Қазақстан агроөнеркәсібінің дамуына серпін берері сөзсіз.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»