Арғымақ шағын ауданындағы шешімін күткен мәселелер

Арғымақ шағын ауданындағы шешімін күткен мәселелер

Тұран ауданына қарасты Арғымақ шағын ауданында бірқатар өзекті мәселе шешімін таппай келеді. Жергілікті халықтың айтуынша, мұнда мектеп, балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандар жоқ. Сонымен қатар қоғамдық көліктер де елдімекенді айналып өтетіндіктен, тұрғындардың күнделікті қатынасына қиындық туғызуда. Осы мәселелерді зерделеу мақсатында аудан әкімі Берік Әшірбеков тұрғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдады.

Көшеге жиналған көпшілік ең алдымен балалардың болашағына алаңдайтындарын жеткізді. Қала тұрғыны Бибісаниям Досбергенова бірқатар мәселелерді ашып айтты.

- Мектеп, балабақша және емханамыз жоқ. Еш болмаса бастауыш мектеп болса дейміз. Кішкентай балаларымыз көп, алда күн суытып жатыр. Бәріміздің басты мәселеміз осы», – деп шағын аудан халқының ортақ базынасын жеткізді.

Қазіргі таңда Арғымақ шағын ауданында шамамен 250 үй бар. Дегенмен, аудан әкімінің айтуынша, мемлекеттік балабақша, мектеп немесе емхана салу әзірге жоспарда жоқ. Ал жекеменшік балабақша мәселесіне қатысты тұрғындардың өтінішін тиісті мекемелерге жазу қажет екені айтылды.

Жақын маңдағы шағынаудандарда әлеуметтік нысандар бар болғанымен, Арғымақ тұрғындарының оларды пайдалануына қоғамдық көліктің жоқтығы кедергі болып тұр. Әкімнің сөзінше, бұл мәселе бойынша Транспорт басқармасына ұсыныс берілген. Жаңа жолдың бойына аялдама орнатылғанымен, автобустар көшеге кірмей өтіп кетеді. Сол себепті арнайы бағыт енгізу қарастырылуда.

Сонымен қатар телемұнараға жақын орналасқан кейбір үйлер қызыл сызыққа түскендіктен, құжат рәсімдеу мен инфрақұрылым тарту жұмыстары қиындыққа тап болған. Тұрғындар бұл көшелерге ең болмаса тас төселсе деген өтініш білдірді. Әкімнің айтуынша, мұндай жұмыстар 2024 жылдың жоспарына енгізілген.

Әзірге Арғымақ шағын ауданында қоғамдық көлік мәселесі шешімін табатын сыңайлы. Ал әлеуметтік нысандардың салынуы уақыттың еншісінде. Кездесуде тұрғындар әкімнің жалған уәде бермей, алдағы уақытта жүйелі жұмыс күтетінін жеткізді.

«Шымкент келбеті»