Ардагерлерге құрмет – елге құрмет

Ардагерлерге құрмет – елге құрмет

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласында Ауыл партиясының бастамасымен тағылымды кездесу өтті.

Қарттарды құрметтеу – халқымыздың ең асыл дәстүрлерінің бірі. Ауыл партиясының Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалы да осы игі дәстүрді жалғастырып, Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлерге арнап мазмұнды іс-шара өткізді. Бұл кездесудің басты мақсаты – ардагерлерге құрмет көрсетіп қана қоймай, оларды заманауи технологиялармен таныстыру, қоғамдағы өзгерістерге бейімдеу болды.

Өңірлік филиал Төрағасы Ғани Қарабековтың бастамасымен ұйымдастырылған дөңгелек үстелде ардагерлер бас қосып, бүгінгі заманның басты жетістіктерінің бірі – жасанды интеллект тақырыбында әңгіме өрбітті.

Жиын барысында ардагерлерге ChatGPT жасанды интеллект бағдарламасы таныстырылды. Оларға телефон арқылы бағдарламаны орнату, пайдалану жолдары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, күнделікті өмірде қолдану тәсілдері көрсетілді. Бұл қадам ардагерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған тың бастама болды.

Ардагерлер жаңа технологияға қызығушылық танытып, қойылған сұрақтарына нақты жауап алды. Олар жасанды интеллектті түрлі тұрмыстық мәселелерде, ақпарат алуда, тіпті күнделікті байланыста пайдалануға болатынына көз жеткізді.

Кездесу барысында ардагерлерге жылы лебіздер айтылып, олардың ел тәуелсіздігі жолындағы еңбектері, жас ұрпаққа көрсеткен өнегесі ерекше атап өтілді.

Іс-шара соңында Ауыл партиясының 25 жылдық мерейтойына орай партия Төрағасы Серік Егізбаевтың атынан ардагерлер арнайы мерекелік медальдармен марапатталды. Бұл – партияның ардагерлерге деген ыстық ықыласы мен құрметінің белгісі.

Бұл кездесу тек мерекелік сипатта ғана емес, сонымен бірге аға буын мен жас буын арасындағы алтын көпір іспеттес тағылымды басқосу болды. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі жастарға үлгі болып, ал жаңа буын өкілдері үлкендерге жаңа технологияның мүмкіндіктерін көрсетті.