Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі және Қоғамдық кеңесінің мүшелері бірлесе қала аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралау және жұмыс барысымен танысу іс-шарасы өтті. Кенжехан Төлебаев бастаған қала ардагерлері, зиялы қауым өкілдері маңызды жол құрылыстары және бірқатар әлеуметтік нысандармен танысты.
Көпшілік алдымен Қонаев даңғылы жалғасының 2-кезеңі бойынша атқарылған жұмыстарды аралап көрді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Сәметұлының айтуынша, бұл кезеңнің ұзындығы 1,7 шақырымды құрайды. Түркістан көшесінен Терешкова көшесіне дейінгі аумақта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, көлік қозғалысына ашылды. Қазіргі таңда қабылдау жұмыстары басталған.
– Халықтың әлеуметтік жағдайына, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасаған қаланың басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Қаладағы ірі күре жолдардың бірі Қонаев даңғылы жалғасының стратегиялық маңызы зор. Бұл жақта бұрын кептеліс көп болатын. Күрделі мәселені шешуде тиісті жұмыстар қолға алынып, құрылыстың жоспарға сай орындалғанын көріп отырмыз. Жалпы, ардагерлер болып үнемі бас қосып отырамыз. Қазіргі таңда кез келген көшенің бойында бой жазатын, саялайтын орындар да көбейді. Бұл – қуантарлық жағдай, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов.
Ардагерлер Әл-Фараби ауданы аумағындағы Қошқар ата өзені жағалауын абаттандыру жұмысымен де танысты. Бұлақ басынан Жангелдин көшесіне дейін абаттандыру, нығайту жұмыстары жүргізілген еді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл Жангелдин көшесінен бастап, 3,5 шақырым аумақты абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылды. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әбдірахмановтың мәліметінше, мұнда флора мен фаунаны сақтай отырып, түбін тазалау, шеттерін нығайту, жарықтандыру жұмыстары атқарылды. Шомылу орындары да жасалған. Басқарма өкілі жалпы 1 млрд 400 млн теңге қаржы қаралғанын айтады.
Бүгінде Тұран ауданы Гагарин көшесі №32, №34, №40, №42 үйлердің аумағына жаңа гүлзар салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Тұран ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асылжан Дәулетханұлы бұл бағытта атқарылған жұмыстарды баяндап берді.
Сондай-ақ, танысу іс-шарасында ардагерлер «Бозарық» индустриалды аймағындағы «Alsera kz» ЖШС-ның жылыжай кешеніне барып, ондағы өндіріс барысын аралап көрді.
«Шымкент келбеті»