​Абай ауданының ардагерлері Президент Жолдауын талқылады

​Абай ауданының ардагерлері Президент Жолдауын талқылады

Бүгін Шымкент қаласындағы Тәшенов университетінде Абай аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын талқылау және түсіндіруге арналған жиын өтті. Іс-шараға аудан ардагерлері, колледж студенттері мен жастар қатысып, барлығы 150-ге жуық адам жиналды.

Жиын барысында қатысушылар Президенттің Жолдауында айтылған өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып, еліміздің даму бағыттары жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, жасанды интеллект дәуірінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне және ұлттық руханиятқа көңіл бөлудің маңызы ерекше аталды.

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев өз сөзінде «Бүгінгі басқосуда біз Мемлекет басшысының ел дамуының негізгі стратегиялық бағыттарын айқындаған маңызды Жолдауын талқылап отырмыз. Президент Жолдауын тек шолып өтпей, оның әрбір бағытын терең түсініп, өз жұмысымызда басшылыққа алуымыз қажет. Бұл құжатты еліміздің болашағын айқындайтын басты бағдаршам ретінде қараған жөн», деп атап өтті.

Кездесуде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ғылым мен жаңа технологияларды өндіріске енгізу мәселелері де кеңінен сөз болды. Қатысушылардың айтуынша, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазіргі басты міндет жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуіріне бейімделу, экономиканы заманауи талаптарға сай дамытуға арналған.

Президент үш жыл ішінде ел экономикасын нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудегі нақты міндеттер қойды. Бұл бағыттарда әр азаматтың белсенділігі мен еңбегі қажет.

Білім саласында да маңызды реформалар жүзеге асып жатыр. Республикада 217 жаңа мектептің құрылысы басталып, олардың 67-сі келер жылдың басында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, жасанды интеллект технологияларын меңгеру және оқу процесіне енгізу мәселесі де өзекті екені айтылды.

Жиында ауыл шаруашылығы саласына қатысты да маңызды пікірлер қозғалды. Қатысушылар агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өңдеу өндірісін кеңейту және дайын өнім экспортын арттырудың маңызын атап өтті. Еліміздің басты әлеуеті – аграрлық сала. Шикізатты сыртқа шығарып қана қоймай, оны өңдеп, қосымша құны жоғары өнім өндіруіміз қажет. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қомақты инвестиция тарту және қаржыны тиімді пайдалану негізгі басымдық.

Жиын қорытындысында қатысушылар жасанды интеллект технологияларын ауыл шаруашылығына және басқа да салаларға енгізу қажеттігін ерекше атап өтті. Мұндай инновациялық тәсілдер ел экономикасының тиімділігін арттырып қана қоймай, басқару жүйесін жетілдіруге және еңбек өнімділігін еселеуге жол ашады.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»